Тоқаев: Біздің мұратымыз – жаңа Қазақстанды құру

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында хабарлады.

Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы да 20-дан астам заң қабылдау керек. Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау едәуір уақытты алатын күрделі жұмыс. Сондықтан оған аса жауапкершілікпен қараған жөн. Сондай-ақ ішкі ішкі, сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек, - деп атап өтті Президент. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ешқандай қиындыққа қарамастан бағытымыздан айнымайтындығымызды алға тартты. 

Бірақ заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда жұртымызға ең алдымен ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалай да жетеді. Біздің мұратымыз – жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы