Тоқаев: Біз Еуроодаққа мүше елдердің экономикасына қажет маңызды шикізаттарды өндіреміз

Мемлекет басшысы «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келе, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алғанын атап өтті.

Біздің жаңартылатын энергия саласындағы әлеуетіміз 1 триллион кВт/сағ деп бағаланады. Оған Францияның Total, Сауд Арабиясының ACWA Power, Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar және Германия мен Швецияның Svevind Energy Group сияқты ірі жаһандық компаниялары қызығушылық танытты. Бұл компаниялар қуаты 43 ГВт болатын жаңартылатын энергияны өндіру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Италияда электр энергиясының үштен бірі «жасыл энергетика» көздері есебінен өндірілетіні белгілі. Осы тәжірибені ескерсек, италиялық компаниялар да аталған жобаларды іске асыруға ниет білдірген кәсіпорындардың қатарына қосыла алады. Біз бұл маңызды саладағы әріптестікті, мейлі ол өндіріс, технология трансферті немесе тәжірибе алмасу болсын, дамытуға аса мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы