Тоқаев: Биыл Жамбыл облысына 600 млрд теңге инвестиция тартылды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысының ахуалы әкім Ербол Қарашөкеевтің баяндамасына қарағанда жаман емес. Бірақ облыстың алдында маңызды, өзекті мақсаттар тұр. Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті.Облыстың экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Тараз – ұлтымыздың асқақ рухы, бай мәдениеті, елдік мұраты және ерлік дәстүрі тоғысқан қала. Бұл – ежелгі өркениеттің ізі қалған жер. Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Біз Тараздың екі мың жылдық тарихын мақтан етеміз. Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиғалар болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылған. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр, - деді ол.

Президенттің айтуынша, ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді. 

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Жамбыл жері арқылы өтіп жатыр. Соның арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артуда. Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келеді. Мен жаңа ғана бірнеше нысанды аралап көрдім. Аймақтың даму жоспарымен таныстым. Жалпы, ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі істер жасалып жатыр. Еліміз қуатты болуы үшін ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы