Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөлін атады
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруда Қазақстан ерекше рөл атқарады. Қытаймен ортақ шекарасы бар мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық хабқа айналуға күш салып жатыр, - деп айтты Тоқаев.
Президент атап өткендей, қазіргі уақытта Қытайдан Еуропаға құрлықтағы тасымалдардың шамамен 85 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Транзиттік-көлік саласын дамытуға үлкен мән бере отырып, біз соңғы 15 жылда осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаржы бөлдік. Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық орталығы, Қорғас құрғақ порты, Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік тас жолы, Қытайдан Иранға дейінгі теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық форумда еліміз мұнымен тоқтап қалмайтынын атап өтті.
Біз үш жыл ішінде 1 300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспары бар. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді, - деп айтты Тоқаев форумда.
«Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейдегі үшінші форумы 17 қазанда басталды. Іс-шара Бейжіңдегі Халық мәжілісі үйінде өтіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» жаһандық ауқымды жобаға айналғанын айтты. Президент Қытай бастамасы 21 ғасырдың мегажобасына айналғанын атады. Ал Қытай әлемнің барлық елінің модернизациясын жүзеге асыруға күш салуға дайын екенін жеткізді.