Тоқаев білім беру мекемелеріндегі діни ұстаным туралы айтты

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек, - деді Президент.

Мемлекет басшысы әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек екенін айтты.

Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз. Білім беру саласының алдында ауқымды міндет тұр. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет. Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген. Сіздер осы қастерлі миссияны әрдайым абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Мемлекет ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән береді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы