Тоқаев: «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында айтты.

Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауға тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек. Квазимемлекеттік секторда әкімшілік басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлер санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуы тиіс, - деді Президент. 

Ол Жолдау барысында «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің рөліне арнайы тоқталып өтті.

Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосудан бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді. Ал, қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту уақыт талабы. Сондықтан, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн. Бұл ретте портфельді компаниялардың саны екі есеге азайып, штат саны 50%-ға қысқаруға тиіс, - деді ол.  

Мемлекет басшысы Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу, бір жол» жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн екенін айтты.

Еліміздің халықаралық аренадағы мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарды ұстаным және кәсіби біліктілік таныту керек. Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу, бір жол» жобасының зор мүмкіндіктерін барынша пайдаланған жөн. Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалдан елге инвестиция тартып отырған отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкімет үшін ерекше басымдыққа ие болып отыр. Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдаланған жөн. Қаржы орталығы тікелей және портфельді инвестициялар тартудың негізгі құралына айналуға тиіс. Түйіндей келе айтарым, ЖІӨ-ның абстрактілі өсімімен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек. Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі сақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет, - деді Президент. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы