Тек алға басу: Тоқаев басты ұстанымдары жайлы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ел басқарудағы басты ұстанымдары жайлы айтты.
Тоқаев президент лауазымындағы алғашқы сапарының киелі Түркістаннан басталғанының маңызы туралы республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне сұхбатында баяндады.
«Иә, мен үшін бұл елеулі, маңызды сапар болды. Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары.
Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер.
Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын.
Соның біздің заманымыздағы жарқын бір көрінісі – Елбасымыздың Түркістан облысын құрғаны. Өңірге киелі мекеннің атын бере отырып, Тұңғыш Президент тарихи әділеттілікті қалпына келтірді, мемлекеттің іргесін мығымдап, жалпыұлттық сәйкестік пен береке-бірлігімізді еселеп нығайтты.
Ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керек. Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркендету – осының бәрі халқымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады.
Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті.
Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруалар бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруымыз өте маңызды», - деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, ол Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап бергені туралы айта келе, өзінің президент ретіндегі ұстанымдарымен бөлісті.
«Менің Түркістан облысына сапарым халқымыздың ұлық мейрамы Наурызбен тұспа-тұс келді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлем жұртшылығы Қазақстандағы аса жауапты, тарихи оқиғаның куәсі болды.
Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты.
Бұл тағдырлы шешім жаһандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты.
Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді.
Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды.
Екінші ұстанымым – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей.
Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.
Үшінші ұстанымым – тек алға басу, даму жолымен жүру.
Өздеріңіз білесіздер, біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық.
Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде, жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық.
Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты. Бұл болашақ үшін, мемлекеттің тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам екенін ұмытпауымыз керек. Біздің ендігі міндетіміз – осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Кері кетсек, тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді», - деді ҚР Президенті.