Тоқаев балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауда нақты шаралар қабылдауды тапсырды

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.

Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.

Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берілді.

Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты. Қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс. Сонымен бірге Президент құқық қорғау органдарының қызметі халық арасында бүкіл мемлекеттік жүйенің бет-бейнесі туралы түсінік қалыптастырады деп санайды.

Біз өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмауымыз керек. Әсіресе олардың нағыз ерлік істерін (ал мұндай жағдайлар аз емес), жұмысын лайықты бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет. Кәсібилік, жауапкершілік танытқан, ерлік көрсеткен нақты жағдайларды үлгі ету, Ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру арқылы полицияның оң имиджін қалыптастыру маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қоса алқа отырысы барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі туралы есеп берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы