Тоқаев ауылдарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Асқар Маминді қабылдады деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебін тыңдады.

Асқар Маминнің айтуынша, еліміздегі коронавирус жұқтырғандардың саны 2,1 пайызға төмендеген, ауруханалардағы індетке шалдыққан азаматтарға арналған жалпы төсек-орын 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін көбейген, соның есебінен реанимациядағы орындарға қажеттілік 12 пайызға, станционарда 25 пайызға азайған. Сондай-ақ COVID-19 індетінен жазылып шыққандар 63 пайызға артып, жедел-жәрдем шақыртушылар саны 31 пайызға төмендеген.

Үкімет басшысы Қазақстан Президентіне барлық өңірдегі тұрақтандыру қоры қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылып, ауруханаларды өкпені жасанды желдету және оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шектеу шаралары кезінде кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, жұмыспен қамту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жөнінде айтты.

Мемлекет басшысы Премьер-Министрге аймақтарды, әсіресе, ауылдарды қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Президенттің айтуынша, пандемия кезінде және одан кейінгі уақытта Үкіметтің алдында экономиканың жоспарлы дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру міндеті тұр. 

Қазіргі уақытта жаңа экономикалық бағытты әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол Мемлекет басшысының алдағы Жолдауының негізгі бөлігін құрайтын болады, - делінген хабарламада. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы