Тоқаев әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды
Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметті өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару және азаматтарды 2026 жылы әскерге кезекті шақыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатқа сәйкес, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметшілер 2026 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында запасқа шығарылады. Олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан босатылады.
Сонымен қатар, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар осы кезеңдерде мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Жарлықта жергілікті атқарушы органдарға тиісті әскери басқару органдары арқылы азаматтарды әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру және қамтамасыз ету міндеті жүктелгені айтылған.
Ал Қазақстан Үкіметі мен тиісті мемлекеттік органдар әскерге шақырылған азаматтарды әскери бөлімдерге жөнелтуді, сондай-ақ қызмет мерзімін өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығаруды қаржылай және материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуі тиіс.
Құжатта көрсетілгендей, жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.