Тоқаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасын қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтылды.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестік жанынан жалпыұлттық референдум өткізуді қолдау жөніндегі штаб құрылған. Бақтықожа Ізмұхамбетовтың айтуынша, штабтың жұмысы екі бағытта жүргізіліп жатыр. Бірінші, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мән-мағынасын түсіндіру. Екінші бағыт референдумға белсенді түрде қатысу мәселесін қамтиды.
Сонымен қатар ертең, 20 мамыр күні өтетін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс съезінің күн тәртібі туралы баяндалды.
Кездесуде «Ардагерлер ұйымын» дамыту туралы бірнеше ұсынысқа Президент қолдау білдіріп, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беретінін айтты.