Тоқаев «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына барды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сапар барысында Мемлекет басшысына Ақтау теңіз портының қазіргі жұмыстары, Каспий теңізі арқылы өтетін жүк тасымалын арттырудың перспективалары таныстырылды.


Сондай-ақ Ақтау қаласындағы шипажай аймағының инфрақұрылымын дамыту жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік міндеттерді толыққанды орындауға, соның ішінде жүк тасымалы операцияларын жүргізуге, кемелерді айлаққа қоюға және қызмет көрсетуге септігін тигізетін порттың техникалық мүмкіндіктерімен танысты.

Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жаһандық көлік дәлізінің қиылысында орналасуы, жылына 17,7 миллион тонна құрғақ жүкті, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік беретінін баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі көрсетілді. 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштерінің арнайы техникасымен, қару-жарақтарымен және киім үлгілерімен танысты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы