12 Қыркүйек 2026, 21:31 Фото: Ақорда

Тоқаев АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті

Серджио Гор Қазақстан Президентіне ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Дональд Трамптың құттықтау хатын табыстады.

БРИКС саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті.

Серджио Гор Қазақстан Президентіне ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Дональд Трамптың құттықтау хатын табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентіне алғыс айтып, оны Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады.

Кездесуде қазақ-америка стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жатқанын айтып, бұл жиын екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент Қазақстанның АҚШ-пен өзара тиімді ынтымақтастықты нақты істер арқылы ілгерілетуге мүдделі екенін жеткізді.

Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Бүгінде мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық байланыстары мен ықпалдастығы белсенді өрбіп келеді. Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен серіктестікті күшейтуге айрықша мән береді, – деді Арнайы өкіл.

Кездесу барысында бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салалар қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретін сан қырлы серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін растады.