Тоқаев АӨСШК Бас хатшысын қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбайды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қазіргі қызметі және алдағы даму перспективасы таныстырылды.
Бас хатшы Қайрат Сарыбай Президентке ұйымның 2022 жылғы 6-шы саммитінде қабылданған АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесінде көрсетілген негізгі бағыттардың орындалу барысы туралы мәлімет берді.
Фото: Ақорда
Бұдан бөлек, форумның тұрақты институттарының жұмысы, орнықты өзара байланыс, қаржылық серіктестік, экология салаларындағы бастамаларды белсенді жүзеге асыру, сондай-ақ Азия елдері кеңістігінде жастар арасындағы және білім саласындағы тәжірибе алмасу перспективалары жөнінде баяндалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ ұйымның Астанада өткен 6-шы саммитінде көтерілген бастамаларды іске асыру маңызды екеніне назар аударды.