Тоқаев Антикор басшысына бірқатар нақты тапсырма берді
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президентке жемқорлыққа қарсы күресу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Агенттік төрағасының мәліметі бойынша жыл басынан бері елімізде 947 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 660 адам әшкереленді. Оның 104-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Тергеу амалдары аяқталған қылмыстық істер аясында 193,5 миллиард теңге өтелді. Жалпы, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,03 триллион теңге көлемінде мүліктік активтер мен қаржы қайтарылды.
Биыл білім, ғылым, спорт, дәрі-дәрмек сатып алу, құрылыс, жер телімдерін бөлу салаларына жүргізілген талдау және мониторинг жұмыстарының қорытындысы бойынша 113 есеп әзірленді. Мемлекеттік органдарға жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған мыңнан астам ұсыныс берілді.
Алдын алу шаралары аясында, соның ішінде «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталына мониторинг жүргізу арқылы 31 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру кезінде 7,5 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалып, 67 түйткілді кейс шешімін тапты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жол саласындағы жемқорлық әрекеттерді жоюға қатысты тапсырмасының орындалу барысы жөнінде баяндалды. Агенттік төрағасы «ақшаны бояу» пилоттық жобасын әлеуметтік маңызы бар салаларда, соның ішінде жол құрылысында іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына жыл басынан бері Қатар, Гонконг, Әзербайжан және Ресей Федерациясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылғаны жайында мәлімет берілді. Аталған құжаттар құқықтық көмек көрсету, активтерді қайтару, адамдарды іздестіру, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына және сатып алу үдерісіне мониторинг жүргізу мәселелері бойынша серіктестікті нығайтуға бағытталған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.