Тоқаев: Алпыстан астам заңға түзетулер енгізу қажет
Президент алдағы уақытта заңнамалық база түбегейлі жаңаратынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумның тарихи маңызына тоқталып, алдағы уақытта заңнамалық база түбегейлі жаңаратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шын мәнінде, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады. Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге ол бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта алатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді жаңғырту үдерісінің жаңа кезеңіне қадам басылғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл – ауқымды әрі жүйелі реформаларды қажет ететін күрделі кезең.
Алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастағанымызды айрықша атап өткім келеді.Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек, - деді Президент.
Президент қол қойған Жарлық Ата заң нормаларын іске асырудың нақты бағыттарын айқындайды. Осыған байланысты алдағы уақытта заңнамалық база түбегейлі жаңармақ.
Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүретінін атап өтті. Сайлау жаңа сессия басталғанға дейін өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн, - деді ол.
Президенттің айтуынша, елімізді саяси және құқықтық тұрғыдан жаңғырту бір жылмен шектелмейді. Бұл – ұзақ мерзімді жүйелі процесс.