Бүгiн 2026, 15:25 Фото: Ақорда

Тоқаев: Алматыдағы Қысқы Азия ойындары ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасалатынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасалатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. 

Олимпиададағы нәтиже әрқашан ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі саналған, алдағы уақытта да солай бола бермек. Қазақстан осы жарыстарға қатысқан спортшылардың саны жағынан 25-орынға табан тіреді. Біз алдына мақсат қойған әр еңбекқор жан өзінің қабілет-қарымын көрсете алатын, соның ішінде спортта көздеген биігіне жетуі үшін мол мүмкіндікке жол ашатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Адал бәсеке, меритократия, тәртіп пен жауапкершілік, бұл – үлкен спорттың да, кез келген қуатты мемлекеттің де діңгегі. Ұлттың жасампаздық қуатын арттыру республикалық референдумға шығарылған жаңа халықтық Конституция жобасының негізгі мазмұндық өзегі болып отыр. Ата Заңдағы әділдік, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау, отаншылдық қағидаттары мемлекет іргесін бекемдеп, өркендеудің қозғаушы күшіне айналады, – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің пікірінше, мемлекеттердің дамуы да үлкен спортқа ұқсас: кім алдына биік мақсат қояды, табанды еңбек етеді, бірлесіп жұмыс істейді, сол жетістікке жетеді.

Бүгін біз жеңіске жетуге бар күш-жігерін жұмсап, жеке рекордтарын жаңартқан Михаил мен ұлттық құрама мүшелерін құттықтаймыз. Кейбір спортшыларымыз осындай ауқымдағы жарысқа алғаш рет қатысса да, олар лайықты өнер көрсетті. Көптеген спортшымыз өздері сынға түскен сайыста үздік ондыққа енді. Бұл болашақтағы табыстарға жол ашады. Азаматтарымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері, мейлі, ол спортта немесе оқушылар мен студенттер олимпиадасында, өнерде, тіпті басқа салаларда болсын, еліміздің өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Таяуда Милан мен Кортинада Қысқы Паралимпиада ойындары басталады. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, екі жылдан кейін атлеттеріміз Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатынын еске салды.

Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар бірлесе жұмыс атқарып, құрама мүшелерін жан-жақты қолдауға тиіс. 2029 жылы Алматы қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына ерекше назар аудару қажет. Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Бұл – Қазақстандағы спорттың дамуына тың серпін беріп, экономика мен туризм салаларына оң ықпал ететін өте маңызды іс-шара, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.