Тоқаев әлеуметтік желілерге баса мән беруді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. 

Айтуынша, реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру – маңызды мәселе.

Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды. Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар ол әлеуметтік желіге баса мән беруді тапсырды. 

Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді, - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы