Тоқаев әлем көшбасшыларына үндеу тастады

Америкалық The Hill саяси басылымы әлем елдерінің көшбасшыларына үндеу тастаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осыдан 78 жыл бұрын құрылғаннан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу үшін әлемдегі ең ықпалды көшбасшылардың басын қосып келеді. Жыл сайын бұл саммитке жиналатын ат төбеліндей азаматтардың мойнына орасан зор жауапкершілік артылады. Сондай-ақ жиында, бір қарағанда, елеусіз болып көрінетін, ал шын мәнінде миллиардтаған адамның тағдырын өзгерте алатын шешімдер қабылданады.

Биылғы жауапкершілік жүгі әдеттегіден әлдеқайда ауыр. Осыдан ондаған жыл бұрын мемлекеттер халықаралық қарым-қатынаста бір-біріне қарама-қайшы екі тарапқа ғана бөлінсе, енді мүлде ыдырап, бөлшектеніп барады. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Ақиқатын айтайық, қазір – жер шарының алдағы тағдыры айқындалатын, адамзат тарихындағы ең маңызды кезең.

Дүниежүзінің көшбасшылары климаттың өзгеруі, жасанды интеллект және басқа да көптеген мәселе бойынша алдағы айларда немесе жылдарда нақты шешім қабылдауы керек. Бұл шешімдер ондаған, тіпті жүздеген жылға ықпал етеді. Осы орайда халықаралық диалогтың әрбір қыры маңызды, мәнді бола түседі.

Бүгінде әлемдегі әріптестерім өз уақытын жаңадан пайда болған дағдарыстар мен түйткілдердің түйінін тарқатуға жұмсап жүр. Біз, бірінші басшы ретінде мұндай сын-қатерлерді елемей отыра алмаймыз.

Мен жер жүзіндегі әріптестеріме үн қатқым келеді. Біз жалпы адамзаттың болашағы үшін жауапты екенімізді ешқашан естен шығармауымыз керек. Ол міндет – саяси мансабымыздан да, жер бетінде өлшеп берілген өмірімізден де артық.

Соңғы жылдардағы оқиғалардан өзіміз бұрыннан нақты білетін, бірақ онша мән бере қоймаған қауіп-қатерлерге мүлде дайын емес екеніміз айқын көрінді. Өйткені ондай жағдай туындауы екіталай деп бейқам жүрдік.

Пандемия – соның нақты көрінісі. Қарапайым вирус штаммы туғызған дүрбелеңге бір де бір елдің толық дайын болмағаны рас.

Тағы бір мысал – ауа райының өзгеруі. Бұл дағдарыс аяқ астынан, бірнеше күнде пайда бола қалған жоқ. Ол бірте-бірте ондаған жылдар бойы көз алдымызда баяу дамыды. Адамзат бұған немқұрайлы қарап, қажетті шешім қабылдауды кейінге ысыра берді. Болар іс болып, бояуы сіңіп, енжарлығымыздың зардабы өзімізге тие бастағанда ғана ахуалды түзету үшін қам жасауға кірістік. Бірақ бұл шаруа қолымыздан келе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Осы қауіптердің ішіндегі ең сұмдығы – ядролық қарумен қырып-жою қатері. Бұл қатер соңғы айларда бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, ядролық державалар арасындағы текетірес күшейе түсті. Мұндай қақтығыстар әлемнің түкпір-түкпірінде бой көрсете бастады, тіпті жағдай сонау Қырғи-қабақ соғыс кезіндегіден де шиеленісіп кетті.

Қазақстан ядролық қарудың зардабын қатты тартқан ел ретінде жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы жаһандық қозғалыс көшінің басында жүр. Алайда бірқатар жетістікке жеткенімізге қарамастан, әлі де құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрмыз. Бұл жағдай жылдар бойы жалғасқан бейбіт өмір сыйлаған мүмкіндікті пайдалана алмағанымызды көрсетеді.

Осы мәселенің айрықша маңызды екеніне қарамастан, әбден қордаланған бұл түйткілге өте сирек назар аударамыз. Қазір саяси қарым-қатынастың белсенділігі арта түскенімен, біз бәрібір қолымызды мезгілінен кеш сермеп, тығырыққа тірелген сәтте ғана оны шешуге талпынамыз.

Тіпті, бүгінде климаттың өзгеруіне қатысты өте өзекті проблеманың өзі халықаралық форумдар мен кездесулердің күн тәртібіндегі шұғыл шешуді қажет ететін маңызды мәселелер тізімінен жиі түсіп қалады және өтпелі дағдарыс ретінде қарастырылады.

Әрине, кейінгі ұрпақтың тағдырына алаңдасақ, қазіргі жүгенсіздікке жол беруге болмайды. Біз өз елдеріміздің көшбасшысы ретінде халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, күнделікті туындайтын мәселелерді үнемі шешіп отырамыз. Бұл жауапкершілікті қаперден шығарып алсақ, саяси мансабымыздың ғұмыры қысқа болмақ.

Сонымен бірге біз алдағы проблемалардың қайсысы маңызды екенін айқындап, халқымыздың болашағына тікелей әсер ететін мәселелерге көбірек назар аударуымыз керек.

Қазақстан ядролық қарусыздану ісіне күш-жігерін жұмсай отырып, жоғарыда айтылған бірнеше бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру қажет деп санаймыз. Бұл құрылым әлем қауымдастығының алдағы уақытта пайда болуы ықтимал пандемиямен тиімді күресуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге біз жаһандық су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін ашық көтеріп келеміз. Уран, литий, сирек кездесетін металдар және басқа да маңызды пайдалы қазбаларды игерудің тиімді тәсілдерін іздестіру арқылы болашақтың экономикасын қалыптастыру үшін халықаралық серіктестермен тізе қосып жұмыс істей береміз.

Алайда бұл күш-жігеріміз, шын мәнінде, халықаралық деңгейде қолдау тапса ғана маңызды әрі тиімді болмақ. Ол үшін бүкіл әлемдегі мемлекеттердің көшбасшылары табанды, көреген болуы және батыл шешімдер қабылдай білуі қажет. Бұл – әсіресе, жаһандану үдерісі мен бұқаралық ақпарат құралдары саяси қысымын арттырып, елдердің арасына жік салып жатқан мына заманда оңай шаруа емес. Мұндай үрдіс өз іргемізде де, алыс аймақтарда да болып жатыр.

Дегенмен адамзат тарихындағы тұрақты және өркениетті әлемге жол ашамыз десек, мәселені тереңнен ойлап, алысқа көз тігуден басқа амал жоқ. Біз негізгі күш-жігерімізді алдағы бірнеше айды ғана емес, тұтас ғасырлық болашағымызды айқындауға жұмылдыруымыз керек. Әйтпесе, өз азаматтарымыздың және барша адамзаттың алдындағы парызымызды өтей алмаймыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы