Тоқаев: Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе
Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Бұл – заңды құбылыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердегі әкімдердің жұмысына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет, - деді Тоқаев Астана өткен мәслихат депутаттарынының форумында.
Президенттің сөзінше, әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек.
Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай, - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, осыған дейін Президент мәслихат мәжілістен үлгі алу керегін айтты. Ол депутаттар халық сеніміне сай болуы керектігін айтты.