Тоқаев Air Astana президентін қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы "Air Astana" әуе компаниясының президенті Питер Фостерді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Питер Фостер Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық әуе компаниясының қазіргі жағдайы мен оны дамытудың жоспары, атап айтқанда, жолаушылар тасымалының ішкі көлемін арттыру және жаңадан ашылған шетелдік бағыттар, әуе билеттерінің бағасын арзандату шаралары жайында баяндады.
Питер Фостердің айтуынша, "Fly Arystan" еншілес әуе компаниясын ашқаннан бері Қазақстан әлемдегі әуе тасымалы бойынша ішкі нарығы жылдам дамып келе жатқан елдердің қатарына қосылған, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ол Қазақстан президентіне компанияның әуе паркінің жаңаланғаны, оның ішінде, "Boeing-757" ұшақтарының ұзақ жолға арналған "Airbus А321" әуе кемесіне алмастырылып жатқаны туралы айтты. Бұдан бөлек 2023 жылға дейін "Boeing-787" ұшақтарын сатып алу жөніндегі жоспарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы "Ашық аспан" режимін одан әрі дамытудың және жаңа шет елдік бағыттарды ашу, оның ішінде, Сингапур, Нью-Йорк секілді әлемнің басқа да ірі қалаларымен қатынас орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтары үшін әуе билеттерін арзандату бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға баса мән берді.