Тоқаев агросектордың 30 үздік өкіліне мемлекеттік наградалар табыстады

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Жұмысшы мамандықтары жылына орай еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агросекторда еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент форум аясында еңбек адамдарына көрсетілетін құрметтің күшейгенін атап өтіп, сала еңбеккерлерінің ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақтөбе облысындағы «Степное» ЖШС директоры Аманғос Сансызбайұлы Төлеуовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл – агроөнеркәсіп саласындағы аса үздік жетістіктер үшін берілетін ең жоғары марапат.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды.

Атап айтқанда:

• Бір адам «Парасат» орденінің иегері атанса,
• Ал саланың 6 өкілі «Құрмет» орденімен марапатталды.
• II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 1 азамат,
• III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 10 адам,
«Ерен еңбегі үшін» медалімен 6 еңбеккер марапатталды.

Агросекторда алғаш рет жаңа құрметті атақ берілді

Форумда Мемлекет басшысы алғаш рет «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын табыстады. Бұл атақ ауыл шаруашылығын дамытуға, агротехнологияларды енгізуге және ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосқан мамандарға беріледі.

Жаңа атаққа лайық деп танылғандар:

• «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов,
• «Новосельское» ЖШС агрономы Фаниль Габдулхаков,
• «Акселеу» ЖШС басшысы Серік Малаев,
• «Мөлдір» шаруа қожалығының малшысы Тұрар Сейітқалиев.

Президент Тоқаев өткен жылғы бірінші форумда жұмысшы мамандықтарын, өнертапқыштар мен ғалымдарды көтермелеу қажет екенін атап өткен болатын. Осыған сәйкес мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңа атақтар енгізіліп, ауыл шаруашылығы саласының үздік өкілдері бүгін алғаш рет осы марапатқа ие болды.

Форумда марапатталғандардың қатарында еліміздің барлық өңірлерінен келген механизаторлар, агрономдар, фермерлер, сауыншылар және шаруашылық басшылары бар. Олар агросекторды дамытуға, инновация енгізуге және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға ондаған жылдарын арнаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы