Тоқаев: АЭС салу туралы түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазан айында Сіз Владимир Путинмен және Шавкат Мирзиёевпен бірге Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатыстыңыз. Сіздің еліңіз үшін бұл бастама қаншалықты маңызды? Қазіргі уақытта Ресеймен бірлесе тағы да қандай ірі экономикалық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр? Жуық арада қандай жобалар қолға алынбақ? Сіздің ойыңызша, мұнай-газ және бейбіт мақсатта қолданылатын атом салаларындағы ықпалдастықтың даму перспективалары қандай?, - деп сұрады журналист.

Тоқаевтың сөзінше, газ саласы мемлекеттеріміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресінде ерекше рөл атқарады. 

Сондықтан Ресейдің көгілдір отынын тасымалдау ісі жобаға қатысушы барлық тараптың мүддесіне сай келеді. 7 қазанда іске қосылған бұл жоба Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, елдеріміздің өндірістік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді. Біз өзіміздің транзит әлеуетімізді толыққанды пайдалануға мүдделіміз және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайынбыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы биыл 1 қарашада өткен Халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. Бұл – 15 жылға дейінгі кезеңді қамтитын өзара тиімді серіктестік жоспарын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған ұзақмерзімді құжат. 

Қазақстан мен Ресейдің мұнай саласындағы ынтымақтастығы бұрыннан табысты дамып келеді. Елімізде «Лукойл» және «Татнефть» сияқты ресейлік концерндер жемісті жұмыс істеп жатыр. Биыл ақпан айында «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасады. Бұдан бөлек, 2022 жылы «Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)» мұнай химиясы кешенінің құрылысы аяқталды. Ол әлемде полипропилен өндіретін ең ірі он кәсіпорынның қатарына кіреді. Аталған жобаға ресейлік «Сибур» компаниясы да қатысады. 2022 жылы Саран қаласында «Татнефть» компаниясының қатысуымен автомобиль дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыты салынды. Екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын мұнайдың үлесі айтарлықтай зор. Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Ресей аумағы арқылы (Каспий құбыр желісі консорциумы) сыртқы нарыққа экспортталады. Сол сияқты Ресей мұнайы Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға жеткізіледі. 2033 жылға дейінгі кезеңде 100 миллион тоннадан астам Ресей мұнайын тасымалдау жоспарланып отыр, - деді Тоқаев.

Тоқаев елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүргенін айтты. 

Бейбіт мақсатта қолданылатын атом саласындағы ықпалдастық – энергетикалық ынтымақтастығымыздың негізгі бағытының бірі. Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады. Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады, - деді ол.

Президент соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асқанын айтты.

Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім. Инвестициялық ынтымақтастық туралы сауалыңызға орай мына нәрсені айтқым келеді. Соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде, Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 миллиард долларға жуықтады. Инвестициялық ықпалдастықтың осылайша оң қарқын алуына өндірістік кооперацияның да септігі тиді. Оның аясында екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр. Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшін бұл бағытта мол әлеует бар, - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы