Тоқ ішек обыры да тұқым қуалайды - онкопроктолог
Елімізде соңғы жылдары тоқ ішек пен тік ішек обырына шалдыққандар саны азаймай тұр. Аталған дерт онкологиялық аурулардың үштігіне де кіріп үлгерген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тоқ ішек пен тік ішек – ағзамыздағы асқорыту жүйесінің маңызды бөлігі екені белгілі. Колоректалды обыр неліктен пайда болады? Оның алдын алу жолдары бар ма? Отандық дәрігерлер бұл дертті қалай емдейді? Кеселден қалай сақталған абзал? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық ғылыми онкология орталығының Онкоколопроктология секторының дәрігері, колопроктолог, онколог Мейрам Мамлин сұхбат барысында жауап берді.
- Мейрам Асқарұлы, елімізде соңғы кездері статистикаға сүйенсек, колоректалды обырға шалдыққандар саны күрт артқан екен. Сіздің алдыңызға пациенттер көбінесе қандай симптомдармен келетінін айтып өтіңізші?
- Негізінен алдыма келетін пациенттер ішінің ауырсынуына, іш қату немесе үлкен дәретінің көбінесе қан аралас немесе сұйық болуына, дене салмағының төмендеуіне шағым айтып келеді. Тоқ ішектің оң жағында орналасқан қатерлі ісіктің кейбір түрлері анемияны тудыруы мүмкін. Айта кететін жайт, колоректалды обырдың симптоматикасы өзге аурулармен өте қатты ұқсас. Мәселен, анемиямен байланысты алғашқы симптомдардың салдарынан пациент гематолог-дәрігерге жүгінеді. Іші ауырсынған соң панкреатит, созылмалы холецистит деген диагноздар қойылып, содан пациент гастроэнтеролог дәрігерге емделуге баруы мүмкін. Сондықтан 50 жасқа толған адамдардың барлығы міндетті түрде скринингтен өтулері қажет деп есептеймін. Мұны алдыма келген пациенттерге үнемі айтып отырамын. Скринингтің ішінде колоноскопиядан міндетті түрде өткізеді немесе гемокульт-сынамасын тапсыру, болмаса, сигмоскопиядан өту қажет. Мұның барлығы қандай да бір патология анықталған жағдайда асқынуларға жол бермес үшін қажет.
- Диагноз қоюдан қателесетін жайттар жиі кездесе ме? Ондай кезде не істеу керек деп ойлайсыз?
- Кейде мысалы, 55 жастағы пациентті ішінің ауырсынуы мазалап, бірақ оған осы жаста скринингтен өткен шығар деген болжаммен колоноскопиядан өтуге жіберетін жайттар кездеседі. Әрі қарай дәрігер ондай пациенттерді панкреатит, холецистит сынды диагноздармен емдеуді бастайды. Өз басым ондай пациенттерді өтінде тас бар деп операция жасап, ал арада бірнеше ай өткенде тоқ ішегінде ісік анықталған жағдайларды білемін. Тағы бір мысал, пациенттің дәретінде қан болуы мүмкін немесе іші қатуы салдарынан геморрой асқынады. Ол сол ауруларынан емделе бастайды немесе операция жасатады. Ал арада біраз уақыт өткенде мұның барлығының себебі төмен қарай орналасқан ісік болғаны белгілі болады. Ондай жайттар кездеседі, әрине, үлкен өкінішке әкелетіні жасырын емес. Сондықтан осындай симптомдармен қаралған кезде пациент те, дәрігер де аса сақ болғаны абзал.
Аурудан емделгенімен, нашар нәтиже мен рецидивтердің орын алуы ішектік бітеліс түріндегі асқынулар орын алған кезде де көрініс табуы мүмкін. Ондай симптомдар байқалса, пациент онкологиялық стационарға емес, көпсалалы қалалық стационарға жатқызуға жіберілуі мүмкін. Ауылдық жерден келген пациент аудандық ауруханаға түсуі ғажап емес. Бұл жерде пациенттің өмірін құтқарып қалу үшін хирург осы ішектік бітелісті тоқтату үшін операция жасайды. Ол оның қатерлі ісікке шалдыққанын, метастаздар болуы мүмкін барлық лимфотүйіндерді алып тастау қажеттігін есепке ала бермейді. Сол арқылы оны емдеу нәтижесі мен ауруды болжау қиынға соғып жатады.
- Ал онкологиялық аурудың жоқ екендігін анықтау үшін онкомаркерге тапсыруға бола ма?
- Онкомаркерді кәсіби тұрғыдан алып қарағанда обыр диагнозы қойылғанға дейін тапсыруға жіберу мүмкін емес. Онкомаркерлер тек егер диагноз анықталып, сол арқылы аурудың қаншалықты асқынғанын көруге болатын жағдайда ғана тағайындайды. Сондай-ақ ол пациент емнің барлық түрін алып болып, сол арқылы аурудың қайту белгілері бар ма, жоқ па, соны көру үшін ғана жасалады. Сол жағдайда ғана оның белгілі бір құны болады.
- Бұл аурудың асқынуының қандай да бір генетикалық бейімділігі бар ма?
- Кез келген онкологиялық ауру сынды бұл диагноз қойылған кезде де ең бірінші тұқым қуалау факторы ескеріледі. Егер жақын туыстары колоректалды обырмен ауырса немесе полип болса, скринингке жасым әлі жетпеді деп күтпей, ертерек тексеруден өтуі қажет. Халықаралық нұсқаулықтарға сәйкес, туысқаны, жақын адамында бұл аурудың қашан диагноз ретінде қойылғанын ескеріп, сол кісінің жасынан 10 жылды шегеру керек. Бұл жақын туыстар дегеніміз әдетте: әкесі, анасы, ағасы, әпкесі.
Өзімнің көріп жүрген тәжірибемнен айтар болсам, өкінішке қарай, тұқым қуалау факторына көп адамдар мән бере бермейді. Сондықтан пациенттер бізден ем алуға келген кезде біз олардың туыстарының да тексеруден өтулерін қатаң қадағалаймыз. Скринингтің міндеті сол – полиптерді анықтау және оны эндоскопиялық әдіспен уақытында алып тастау. Өйткені бұл аурудың соңғы сатыларында ол қатерлі ісікке айналып кетуі әбден мүмкін.
- Яғни ауруды түбімен алып тастауға мүмкіндік бар ғой?
- Иә, дәл солай. Аурудың бірінші сатысында ағзаны алып тастамай, сақтап қалуға тырысамыз. Өзге сатыларында тоқ ішектің немесе тік ішектің қандай да бір бөлігіне операция – резекция жасау қажет болады. Әрине, оны жасамас бұрын сол ісіктің гистологиялық сипаттамасын нақтылау, зерттеудің қосымша әдістері қолданылады. Бірақ бұл жерде қатерлі ісіктің түрлі ажырату түрлері болуы мүмкіндігін ескеру керек. Олар: төмен сараланған, шектеулі сараланған және жоғары сараланған деп бөлінеді. Мысалы, бірінші сатының өзінде ісік төмен сараланған болуы мүмкін. Ол дегеніміз ісікті эндоскопиялық жолмен алып тастауға қарсы көрсетілім болып саналады.
- Мұндай операциялар ауыр операцияға жата ма? Яғни пациенттер операцияны қаншалықты көтере алады? Өзіңіз айтқан резекциядан соң олардың өмір сүру деңгейі төмендеп кетуі мүмкін бе?
- Бұл жерде колоректалды обыр дегеніміз тоқ ішек пен тік ішектегі ісік екендігіне тоқталғым келеді. Бұл негізінен екі ағзаның атқаратын функциясы да әртүрлі. Егер тік ішектің обыры туралы айтатын болса, бұл ағзаны алып тастау онкологиялық салдардан бөлек, өмір сүру сапасына әсер ететін функционалдық өзгерістерге ұшырататыны анық. Бұл ағзаны қаншалықты көбірек алып тастаса, өмір сүру сапасы соғұрлым күштірек өзгереді. Ал тоқ ішектің резекциясы кішігірім көлемде адамның өмір сүру деңгейіне әсер етпейді. Жарты жыл немесе бір жыл өткен соң пациент ондай операция жасатқанын ұмытып кетуі де мүмкін. Оның өмірі бұрынғысында жалғаса береді.
Ал операциядан кейінгі қалыпқа келуге көптеген факторларға: адамның жасына, қосалқы ауруларына, аурудың сатысына, операцияның өзінің көелміне, пациенттің зиянды әдеттеріне байланысты болып келеді. Осы орайда пациенттің өмір сүру ұзақтығы операцияның жасалу әдісіне байланысты деген қате пікір бар екендігін айтқым келеді. Ал операцияның түрлеріне тоқталсақ, ол: ашық хирургия немесе азинвазивті, аз жарақатты хирургия. Түсінікті болу үшін айта кетейін: азинвазивті операцияда бұл жерде кішігірім көлемдегі арнайы құралдар қолданылады және азғантай тесік жасау арқылы ағза алынып тасталады. Соңғы тәсілдің бірнеше артықшылығы бар: бұл біріншіден, әрине, косметикалық әсері бар: кішігірім тесік жасау арқылы, сондай-ақ ауырсыну синдромын азайту мен жылдам оңалу. Алайда онкологиялық артықшылықтары жоқ. Бұл дегенім немесе ашық хирургиялық әдіспен немесе лапароскопиялық әдіспен операция жасалынады, бұл бұл диагнозы бар адамның өмір сүру ұзақтығына ешқандай да әсер етпейді. Бірақ көп жағдайларда пациенттеріміз операцияның қандай тәсілмен жасалатынына алаңдаушылық білдіріп жатады. Өмір сүру ұзақтығына онкологиялық көзқарас тұрғысынан операцияның дұрыс жасалуы ықпал ететінін түсіне бермейді.
- Сонда операция науқастың сауығып кетуіне жүз пайыз кепілдік бермейді дейсіз бе?
- Басқаша айтар едім: операция өмір сүру ұзақтығына толықтай әсер етпейді. Көп жағдайда барлығы пациентке операция жасалған сәттегі аурудың сатысына байланысты. Егер бірінші саты туралы айтар болсақ, ондай пациенттер толықтай емделіп шығады. Аурудың екінші сатысында 85% жағдайда 5 жылға дейін өмір сүру, ал үшінші саты кезінде 60-75% жағдайда ғана 5 жыл өмір сүру байқалады. Әрине, адамның әрі қарай өмір сүруінің ең нашар деген болжамына дерттің төртінші сатысы жатады. Бірақ бүгінгі таңда біз ондай пациенттерге осы сатының өзінде 5 жыл өмір сүру шегіне өтуге болатын тәсілдерді меңгердік.
- Бұрынғы жылдардағы тәжірибемен салыстырар болсақ, біз әсіресе ауруы асқынып кеткен, колоректалды обыр дертіне шалдыққан науқастарды емдеуде қаншалықты алға жылжыдық деп айта аласыз?
- Бұл жерде бәрінен бұрын пациентті емдеген кезде бірнеше маман қатыатын мультидисциплинарлық тәсілді қолдану туралы айта кету керек. Қазіргі тенденция бойынша аурудың қандай да бір белгілі нозологиясында тиімді емдеу жүргізу үшін ауруды заманауи технологиялар бойынша емдеу алатын мамандандырылған дәрігерлер командасын жасақтау қажет. Заманауи технология дәлелді медицинаға, ірі клиникалық орталықтарда жасалған ғылыми зерттеулерге басымдық береді. Соңғы бірнеше жылда біз осы әдіспен жұмыс істеп, сауатты мамандардың командасын дайындап қойдық. Менің ойымша, мұндай тәсілмен қандай да бір жетістікке қол жеткізуге болады.
Сондықтан қазір біздің командамызда осы ауруды емдеу мен диагностикалау бөлігінде әлемде орын алған соңғы өзгерістер туралы нақты білуі тиіс эндоскопист-дәрігер, МРТ/КТ сипаттамасын қарайтын және аурудың сатысын анықтауға, емді дұрыс белгілеуге көмектесетін радиолог-дәрігер бар. Сондай-ақ химиятерапевт маманымен де жұмыс істейміз. Себебі емдеу тәсілі тек хирургиялық әдісті қолдануды ғана қажет етпейді. Оған дейін немесе операциядан кейін химиялық терапия жасау қажет болуы мүмкін. Команданың маңызды мүшесінің бірі – бұл жасуша немесе тіндерді микроскоп арқылы қарайтын, яғни морфологиялық тексеріс жүргізіп, ісіктің қаншалықты қауіпті екенін, оның биологиялық сапасы қандай, аурудың сатысы қандай деңгейде екенін анықтай алатын морфолог-дәрігер.
Сонымен қоса, біз гастроэнтерологтармен жұмыс істейміз. Өйткені, операциядан соң пациентке кейде арнайы диета тағайындау қажет болады. Сондай-ақ сектордың дәрігерлері егер науқасқа сәйкес қолдау қажет болса, психологтың көмегіне жүгінеді. Барлық осы мамандармен үнемі байланыстамыз. Олардан кез келген уақытта консультация алуымыз мүмкін. Одан бөлек, қазір паллиативті көмек мамандарын тарту үстіндеміз. Олардың көмегі егер пациентті құтқару мүмкін болмай, тек оның ауырсынуын жеңілдетуге болатын жағдайларда керек.
- Емдеудің заманауи тәсілдеріне тоқталсаңыз...
- Емдеудің заманауи тәсілдері туралы айтар болсақ, біздің дәрігерлеріміз өздерінің шетелдік әріптестерінен қалыс қалмау үшін тырысып келеді. Әрине, жабдықтардың қымбаттығынан барлық инновациялық әдістерді бірдей енгізу мүмкін болмай тұр. Бірақ орталығымыздың басшылығының саясатының арқасында дәрігерлеріміздің әрқашан кәсіби біліктіліктерін арттырып, ірі шетелдік клиникалармен әріптестік жолымен тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері бар. Тағы бір маңызды сәтке тоқталғым келеді. Біз өзіміз оқығымыз келетін клиникалық базаны өзіміз таңдаймыз және тәжірибесін қолданып, үйренгіміз келіп жүрген белгілі профессорлардың арасынан өзімізге менторды табамыз. Кәсіби байланыстың орнауының арқасында біздің әрқашан олардың пікіріне қолымыз жетіп отыр. Сонымен қатар бұл онкологияда өте қажет дүние. Осындай тәсіл арқылы біз оңтайлы тәсілді таңдап, сол арқылы нәтижемізді жақсартуға тырысамыз.
- Мәселен, өзіңіз тағылымдамадан қай жерден өттіңіз?
- Мамандары бүкіл әлемге танымал, ғылыми зерттеулері бар және олардың пікірімен әлемдік онкологияның көшбасшыларының өзі санасатын ірі орталықтардан өттім.
Атап айтар болсам, біздің менторларымыз халықаралық медициналық қауымдастықтағы белгілі мамандар: АҚШ хирургиялық онкологтар қауымдастығының президенті және UPMC онкология бөлімшесінің директоры, профессор Дэвид Бартлетт, И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медициналық университеті колопроктология және азинвазивті хирургия емханасының басшысы, профессор Петр Владимирович Царьков, Н.Н. Петров атындағы ҒЗИ онкология және абдоминалды онкология хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Алексей Михайлович Карачун.
Сонымен қоса, АҚШ-тағы UPMC емханасының дәрігерлері бізге тәжірибе алмасу бағдарламасының аясында келіп, аурудың асқынып кеткен сатысындағы пациенттерде кездесетін метастаздық колоректалды обырды емдеу әдістерін жетілдіруге көмектесті. Біз дерті әбден асқынып кеткен науқастарымыздың өмірін айтарлықтай ұзартуға көмектескен әдістерді меңгердік.
Одан бөлек, Бельгияның, Ұлыбританияның ірі клиникаларында біз колоректалды обырдың ерте формаларын анықтау мен азинвазивті әдіспен емдеуге үйрендік.
- Орталықтарыңыздағы өзіңіз жұмыс істейтін сектор қашан ашылды?
- Бізідң сектордың жұмыс істеп жатқанына үш жылдан асты. Оны құрудағы басты мақсат – тар шеңберде мамандандырылған бөлімді құру болатын. Осылайша, колоректалды обырды емдеуді қолға аламыз деп шештік. Сектордың негізгі шектелімі – тоқ ішек пен тік ішек обырына шалдыққан адамдар.
Сол үшін де біз әріптестерімізбен үнемі осы саладағы білімімізді жетілдіріп, колоректалды обырды емдеу әдістерін, барлық инновациялық технологияларды енгізуге қатысты жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамыз. Бұл ауруды түрлі тәсілмен: сәулелік терапия, хирургиялық араласу, химиялық терапия көмегімен емдеуге болады. Бұл емдеу нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді. Сектордың мамандары хирургиялық емдеуді ашық операция жолымен де, сондай-ақ лапароскопиялық операция жасай отырып, азинвазивті жолмен де жасайды. Тағы қайталап айтамын, анинвазивті тәсіл пациенттерге жылдам оңалуға және химиялық терапия немесе сәулелік терапия алуға оралуға көмектеседі.
- Жылына қанша операция жасайсыздар?
- Біздің онкоколопроктология секторында жылына 150-дей операция жасалады.
Тағы бір айта кетерлігі, біз метастаз бар пациенттеріміздің өмірін ұзартуға тырысамыз. Бұл жұмысқа гепатобилиарлық хирургтар мен торакалды хирургтарды қоса алғанда, үлкен мамандар тобы жұмылдырылған. Бірнеше жыл бойы секторымыздың дәрігерлері бүкіл республикамыздағы пациенттерге осындай көмек көрсетіп келеді.
- Үнемі білімімізді жетілдіріп отырамыз дедіңіз...
- Сегіз жыл бұрын айына колоректалды обырға шалдыққан бірнеше пациентке ғана операция жасайтынбыз. Осы уақытқа дейін пациенттер легін бірнеше есе арттырдық. Бірінші кезекте, бұл мақсатымызға мамандарымыздың үнемі білімдерін жетілдіріп отыруларының арқасында қол жеткіздік. Әріптестерімізбен бірге медицинаның осы саласында болған ағымдағы барлық трендтерді ұстануға тырыстық.
Біріншіден, ауруды диагностикалауға үлкен мән бердік. Яғни КТ және МРТ секілді радиологиялық тәсілдерді енгіздік. Осы тексерістердің нәтижесін негізге ала отырып, біз аурудың сатысын алдын ала анықтауға және емді қашан, неден бастау қажеттігін білу мүмкіндігіне ие болдық. Колоректалды обырды емдеудегі ментор-сарапшыларды іздеуге бірнеше жыл уақытымыз кетті. Дәл сол мамандардан білім алғымыз келгендіктен іздеуден шаршамадық. Заманауи хирургиялық емдеу әдістерін меңгеруге де көп уақыт жұмсадық. Бүгінде әр ағза үшін ұстану қажет операцияның өзіндік стандартты әдістері бар. Сонда қажетті нәтижеге қол жеткізуге болады. Әрине, осы тәсілдерді меңгеру үшін шетелдік дәрігерлерге барып, олардың тәжірибелерін меңгеріп, ғылыми конференцияларға қатысу керек. Өзіміздің клиникамызға да менторларды шақырып, олардың басшылығымен операциялар жасап үйрену керек. Осы процестердің барлығы біраз уақыт жұмсауды талап етті. Өзім және әріптестерім әлі күнге әдістемелерімізді жетілдіру үшін бір орында тоқтап қалған емеспіз. Себебі – бұл үздіксіз процесс. Тағы бір қоса кеткім келетіні: шетелдік әріптестеріміз Қазақстанға келіп, шеберлік сағаттарын өткізу практикасы біздің дәрігерлерімізге кәсіби тұрғыда өсуге көп көмектеседі. Орталықта онлайн режимінде операциялар жиі жасалады. Ондай шараларға өзіміз ғана емес, барлық өңірлердегі дәрігерлер де қатысады. Көптеген мамандардан көп нәрсені үйреніп, кері байланысқа қол жеткізіп, көкейіңде жүрген сұрақтарды қоюға болады. Көбінесе практика барысында да көмегі тиеді.
- Менің естуімше, колоректалды обырдың бастапқы сатыда ешқандай белгілері болмайды екен. Ауру асқынып кетпес үшін не істемек керек?
- Иә, шынымен де колоректалды обырдың бастапқы сатыларда ешқандай белгісі байқалмайды. Бүгін әлемде обырдың осы түрі үшін скрининг бар. Бұл туралы айтылып та жүр. Скрининг обырдың бар-жоғын бастапқы сатысында анықтауға немесе қатерсіз полиптерді анықтауға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, қажетті ем-домды уақытында алып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге жол ашылады. Кейбіреулер аурудан толықтай айығып кететін жайттар да кездеседі. Колоректалды обыр скринингі процедурасы жасырын қанға талдау тапсырып, сондай-ақ колоноскопиядан өтуден тұрады. Қазақстанда 50 жастан асқан адамдарға скринингтен өту тегін. Бұл профилактикалық тәсіл ғылыми негізде де өз нәтижесін берді.
- Сіздерге колоректалды обырға шалдыққан науқас келсе, емді бірден бастап кетесіздер ме?
- Медицинада "он бес күн ережесі" деген бар. Бұл белгілі бір уақыт аралығында пациентке қатысты нақты шешім қабылдаудан тұрады. Егер науқас біздің орталыққа жүгінсе, ол 15 күн ішінде біз емдеу әдісін анықтап, емге кірісетінімізге сенімді болуына болады. Өңірлерде бұл тұрғыда белгілі бір проблемалар бар. Мысалы, диагностика уақытында жүргізілмеуі мүмкін. Сол себепті диагноз қою мен емдеуді бастау арылығында бір немесе бір жарым ай уақыт өтіп кетеді. Кейде пациенттің өзінің толықтай ақпаратты білмеуі себеп болады. Ауруына немқұрайлы қарап, дәрігерге көрінбейтіндер көп. Егер өзіміздің орталыққа қатысты айтар болсам, пациентке оның ауруы туралы толықтай ақпаратты ұсынып, алда не күтіп тұрғанын түсіндіріп, емдеуге кірісеміз.
- Әдетте колоректалды обырға шалдыққандарға қандай болжам қоясыздар?
- Түрлі аурулардың топтарымен салыстырып қарасақ, колоректалды обыр кезінде өмір сүру пайызы жаман емес деп айтар едім. Дұрыс емдеу мен барлық хаттаманы сақтаған жағдайда оң нәтижені күтуге әбден негіз бар. Жалпы алғанда, науқастың әрі қарай өмір сүруі аурудың сатысына байланысты.
- Демек, аурудың бастапқы сатысында толықтай жазылып кетуге үміт бересіздер ме?
- Бірінші сатыда науқастың толықтай айығып кетуге мүмкіндігі бар. Аурудың қайта қайталану ықтималдылығы өте төмен. Бірақ қазір медицинадағы жетістіктердің арқасында төртінші сатының өзінде бұрынғыға қарағанда ұзағырақ өмір сүруі мүмкін. Бұл химиялық терапия сынды ауруды бақылау тәсілдерінің жақсаруымен байланысты. Оның үстіне, препараттар хирургиялық жолмен метастаздарды алып тастауға мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұл да өмір сүру мүмкіндігін арттырады. Обырдың төртінші сатысына дейін асқынып кеткен өңірлердегі науқастарымыз әбден үміттері үзілген кезде бізге жүгініп, әлі де күресуге мүмкіндіктері бар екенін біліп жатады. Оларға аз болса да үміт сыйлауға, пациентті құтқара алмасақ та, тым болмағанда, өмір сүруін ұзарта тұруға тырысамыз.
Айтпақшы, біздің орталықта құрсақішілік гипертермиялық химиялық терапия (HIPEC) деп аталатын метастаздық колоректалды обырды емдеу әдісі қолданылады. Кейде ол ішпердесі зақымдалып, метастаз кеткен пациенттерге жақсы көмектеседі.
- Мейрам Асқарұлы, дәрігер ретінде ішектің қатерлі ісігіне шалдықпас үшін не істеу керектігін айтып өтіңізші...
- Шын мәнінде колоректалды обырдан сақтанудың жолдары өте қарапайым. Аурудың профилактикасы ретінде жалпы нұсқаулық – ол салауатты өмір салтын сақтау. Сонымен қатар гиподинамиямен, зиянды әдеттермен күресуге кеңес беремін. Артық салмақтан қашып, спортпен айналысып, дұрыс тамақтаныңыздар. Мұның барлығы осы аурудың пайда болу қатерін азайтуға мүмкіндіктер ұсынады. Дұрыс тамақтану дегеніміз етті тым мөлшерден тыс қолданбау, шұжық секілді ысталған ет өнімдерін мүмкіндігін рационнан алып тастау. Оның орнына көкөніс пен жаңа піскен жемісті көбірек жеңіздер. Жаңа айтып өткенімдей, 50 жастан соң колоректалды скринингтен міндетті түрде өтіп тұру керек.
Ең бастысы, скринингтен уақытында өтіп, аурудың қандай да бір симптомдарын немесе дәрігерге баратын ыңғайлы сәтті күтпеу. Сонда аурудың асқынуының алдын аласыз. Кем дегенде, араға 5 жыл салып осы скринингтен өтіп отыру маңызды.
Тағы да естеріңізге салайын, біздің секторымыздың қызметі мемлекет тарапынан кепілдендірілген көлем мен МӘМС аясында тегін түрде ұсынылады.
Ал ең абзалы – "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде".
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!