Маңғыстау облысында топ болып төбелеске қатысқандарға сот үкімі шықты

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Түпқараған ауданына қарайтын Ақшұқыр кентінде орын алған құқықбұзушылық дерегі бойынша екі қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.   

2018 жылы тамыз айында Ақшұқыр кентінде бір-біріне қарсы екі топ арасында келіспеушілік орын алып, жастар арасындағы кикілжің бірнеше күнге созылды. Өкінішке қарай, оның соңы қарулы қақтығысқа ұласты. 

Бірінші топта болған жас жігіттер бұзақылық ниетпен қарсыластарының денсаулығына қасақа зиян келтіру үшін ағаш және темір трубалармен, газбен атылатын қарумен, пышақпен қаруланды. Қақтығыста үш адамға түрлі дәрежедегі дене жарақатын салып, оқиға орнынан ізін суытты.  

Бір-бірінен кек алу үшін екі топ келесі күні тағы кездесті. Бұл төбелес соңында тағы бірнеше бала жараланып, бір жігіт облыстық ауруханада көз жұмды. 

Осы деректерге орай Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен бір адам ҚР ҚК 293-бабымен төрт жылға сотталды. 

Тағы 14 адам осы баптың негізінде түпкiлiктi 3, 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 

«Сотталғандардың әрқайсысынан жәбірленушілерге келген зиянды өтеу қорының пайдасына 20 АЕК мөлшерінде, яғни 48 мың 100 теңгеден қаржы өндірілді. Бұл іс өңірлік апелляциялық сот алқасында қаралып, бүгінде заңды күшіне енді», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы