ТОП-10 туристік аймақ: Қазақстанда жазда қайда демалуға болады?

Күйбең тіршілікті бір сәтке ұмытып, жақындарыңызбен бірге жазғы демалысты қызықты өткізуді жаспарласаңыз, онда шетелге шықпай-ақ еліміздің туристік аймақтарына баруға кеңес береміз. BAQ.KZ редакциясы оқырмандарға энергия жинап, естен кетпес демалыс ұйымдастыруы үшін үздік 10 туристік аймақтың тізімін жасады.

Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі биылдың бірінші тоқсанындағы туризм саласындағы статистиканы бөлісті. Алғашқы 3 айда ішкі туристер саны 20%-ға (2022 жылғы 1 тоқсан – 1 131,9 мың турист, 2023 жылғы 1 тоқсан – 1 348,1 мың турист), шетелдік туристер саны 2,3 есе (2022 жылғы 1 тоқсан – 97 мың турист, 2023 жылғы 1 тоқсан – 227,7 мың турист) және қонақүйлер көрсеткен қызметтердің саны 1,6 есе (2022 жылғы 1 тоқсан – 26,3 млрд теңге, 2023 жылғы 1 тоқсан – 43,1 млрд теңге) өсті. Ал 2022 жылы Қазақстанға 610 мыңнан астам шетелдік турист келді.

ІЛЕ АЛАТАУЫ

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1996 жылы 22 ақпанда құрылған. Ол Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандары және Алматы қаласының маңында орналасқан. Оның көлемі шамамен 200 мың гектардай жерді алып жатыр.

Мемлекеттік-ұлттық табиғи паркі өзінің қайталанбас көркемдігімен, мәңгі мұз басқан шындары, биік таулары, көк-жасыл ормандары, альпі шалғындарымен ерекшеленеді. Биік таулары белдеу теңіз деңгейінен 3 000 метрден аса биіктікте жатыр. Орташа тау рельефі теңіз деңгейінен 1 700 метрден 3 000 метрге дейінгі биіктікте.

Климаты қоңыржай жылы, жауын-шашыны мол. Төменгі тау аймағындағы жаз ұзақ және ыстық. Парк аумағында көлемдері әртүрлі көлдер бар. Парк аумағында республикалық маңызы бар 15 табиғат ескерткіші бар. Сондай-ақ парктің тарихи-мәдени мұра ескерткештерінің арасында археологиялық объектілер, петроглифтер, ғибадат жасайтын нысандар жиі кездеседі. Табиғи парктің тағы бір байлығы - жануарлар және өсімдіктер әлемі.

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм комитетінің ақпараты бойынша, Іле-Алатауы ұлттық табиғи саябағы 2022 жылы туристер арасында ең танымал аймақ атанған. Былтыр Іле-Алатауының табиғатын тамашалауға 628 мың турист келген.

БУРАБАЙ

Бурабай – Қазақстанның «Швейцариясы» атанып кеткен туристік аймақ. Бурабай курорты да әсем табиғатымен, өзен-көлдерімен және тау-тасымен танымал. Маусым айының ортасында мұнда жағажай маусымы ашылады. Бурабайда Үлкен Чебаче, Щучье, Бурабай, Майбалық және Қатаркөл сияқты көлдер бар.

Курортқа келетін әрбір турист аймақтың тарихына терең үңіле алады. Себебі Бурабай шежіреден сыр шертетін орындардың бірегейі.

Бурабай Астанадан 250 шақырым жерде орналасқан. Курортқа жеткен соң Бурабай көліне түсіп, Бөлектауға көтерілуге болады. Сонымен бірге Абылай хан алаңына барып, жағалаудан Жұмбақтасқа қайық немесе катамаранмен жетуге, Оқжетпестің шыңын шығып, Кенесары үңгіріне де ат басын бұруға кеңес береміз.

Туризм комитетінің мәліметінше, Бурабай ұлттық саябағы келушілер саны бойынша көш басында. Көкшенің көз тоймас көрікті жерлерінде былтыр 550 мыңнан астам адам қыдырған.

КӨЛСАЙ КӨЛДЕРІ

«Көлсай көлдері» 2007 жылы ұлттық парк ретінде құрылған. Бұл ең жас әрі ерекше қорғалған табиғи аймақ.

Солтүстік Тянь-Шань тауларының асыл алқасындай болған Көлсай көлдері – Алматы облысындағы ең танымал туристік орындардың бірі. Көлдер жүйесі Жоғарғы, Орта, Төменгі Көлсай көлдерін біріктіреді. Үш көл де ерекше сұлулығымен бір-бірінен асып түседі. Бірінші Көлсайға жету үшін Алматы қаласынан Саты ауылына дейін 285 шақырым жол жүру қажет. Кейін екінші және үшінші көлдерге де көтерілуге болады.

Саты ауылында тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып, мол дастарханнан дәм татуға, қазақтың қонақжайлығына куә болуға болады.

Туризм комитеті хабарлағандай, Көлсай көлдері де саяхатшылар арасында танымал. Мұнда келген туристердің саны 2022 жылы 190 мыңнан асқан.

БАЯНАУЫЛ

Баянауыл – еліміздегі табиғаты әсем жерлердің бірі. Бурабай сияқты тауымен, жасыл орманымен және өзен-көлдерімен танымал. Мұнда да жағажай маусымы жазда ашылады. Баянауыл ұлттық паркі Павлодардан батысқа қарай орналасқан. Оның аумағы – 50 688 гектар. Баянауылға баратын туристер Ақбет тауына көтеріліп, Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдеріне түсе алады. Сонымен бірге Әулиебұлақтың суынан дәм татып, киелі жердің тарихымен танысуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Баянауылға келген туристер қасиетті Қоңыр әулие үңгіріне де соқпай кетпейді.

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, былтыр ұлттық саябақ аумағында 85 мың турист демалған.

 

ШАРЫН ШАТҚАЛЫ

Шарын шатқалы – туристер жиі баратын жерлердің бірі. Ол Алматы қаласынан 195 шақырым, Талғар ауданынан 180 шақырым жерде орналасқан. Шатқалға келген қонақтар табиғи ескерткіштердің таңғажайып көріністерін тамашалай алады. Шарын шатқалы 2004 жылы 23 ақпанда құрылған Шарын ұлттық паркінің бөлігі. Оның аумағы 127 мың гектар, ал Шарын шатқалы 154 шақырымға созылып жатыр.

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, былтыр бұл алқапты 45 мыңнан астам адам аралаған.

БАЛҚАШ КӨЛ

Балқаш көлі – Қазақстанның табиғи көрікті жері. Көл туристер мен демалушылар қызығатын жерлердің бірі ааналады. Ол Қазақстанның шығысында Балқаш-Алакөл алабында орналасқан. Көл төрт облыспен қоршалған: Алматы, Жамбыл, Қарағанды ​​және Жетісу.

Көл жарты ай тәрізді, жағалау сызығы 2385 шақырым. Туристер үшін Балқаш қаласында пансионаттар, қонақ үйлер, қала маңындағы демалыс базалары және жағалаудағы ауылдар жұмыс істейді. Балалармен отбасылық демалыстар ұйымдастырып, арнайы лагерьлерде шатырларда демалуға болады. Сондай-ақ мамыр айының ортасынан қыркүйек айына дейін көлге түсуге болады.

ҚАТОН-ҚАРАҒАЙ

Катон-қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі - еліміздегі ең ірі саябақ. Ол Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын мұра тізіміне кіреді.

Катонқарағай Алтайдың жүрегі деп аталады. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер арасында танымал орынға айналып үлгерді, оның аумағында көптеген туристік нысан мен маршрут бар. Туристер табиғи паркке Арасан, Көккөл, Язова сарқырамаларын көруге, Рахмановское және Язевое көлдеріне баруға және әйгілі Белуха тауының әдемі көріністерін тамашалауға барады, ал Рахман бұлақтары емдік қасиеттерімен демалушылар арасында танымал.

АЛАКӨЛ

Алакөл - қара тасты жағажайлары бар әлемдегі жалғыз көл. Оның аралдары - ерекше қорық аймағы. Көлдің суы мен балшықтарының емдік күші бар.

Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Абай және Жетісу облыстарының шекарасында Балқаш-Алакөл ойпаты бар, оның ең танымал көрікті жерінде Алакөл көлі орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 343 м биіктікте орналасқан. Көлдің айналасында 600 шақырым радиуста өнеркәсіптік кәсіпорындар жоқ, соның арқасында таза табиғи аймақ өз қалпында сақталып отыр.

Алакөлде шомылу маусымы үш айдан астам уақытқа созылады — маусымның басынан қыркүйектің ортасына дейін.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ

Маңғыстау облысы – Қазақстандағы ең бай көрікті жерлердің бірі. Мұнда әр түрлі көлемдегі және пішіндегі тау жыныстарының түзілімдерін бейнелейтін Бозжыра шатқалы, даланың ортасында дөңгелек тастары бар Торыш шарлар алқабы, Тамшалы көркем каньоны және көптеген қасиетті бар.

Сонымен қатар өңірге келгенде алдымен Каспий теңізі жағасында орналасқан Ақтау қаласын да міндетті түрде аралау керек. Маңғыстауға барған туристер бір күндік тір сатып алып, Бозжыра шатқалы, Бекет ата жерасты мешітін, Шопан ата және басқа да туристік жерлерді аралай алады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы саналады. Өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді.

Киелі Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан. Өңірде туристер арасында көне ескерткіштерден бастап, емдік қызмет көрсететін кешендер танымал. Мысалы, Арыстанбаб кесенесі, Сауран және Отырар қалашықтары мен Сарыағаш ауданындағы шипажайлар.

Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалалары да туристер арасында ең танымал қалалар саналады. 2023 жылдың алғашқы төрт айында ғана Астана 951 750 мейманды қабылдаса, Алматыға 1 185 130 адам саяхаттап келген, ал шырайлы Шымкентке алғашқы төрт айдың ішінде 346 280 адам саяхат жасаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы