Тоннельдегі тіршілік: Бейжің метросы қалай жұмыс істейді?

Бейжіңдегі ең жылдам, ыңғайлы және арзан көлік түрі – метро. Пекин метросы 1969 жылы ашылған. Желілердің ұзындығы бойынша Бейжің метросы Шанхайдан кейін әлемде 2-орын алады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі мақаламыз Қытай астанасының метросы жайында болмақ.

Пекин метрополитені 22 желіден тұрады. Олар – 1, 2, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 13, 14, 15, 16, S1, Batong Line, Daxing Line, Yizhuang Line, Changping Line, Fangshan Line, Fangshan Line, Yanfang Line, Western Suburban Line және Airport Line. 

Метро станциялары барлығымыз үйреніп қалған «М» әріпімен емес, «D» әрпі бар көк тақтайшалармен белгіленген. Ол қытайша «地铁 — Di Tie», яғни «Subway» деген мағынаны білдіреді.

Пекин метросының жолаушылары сапар алдында қауіпсіздік тексерісінен өтуі керек. Олар алдымен сөмкелерін арнайы тексеретін лентаға қойып, сканерден өткізеді. Кейін жолаушы арнайы кассадан баратын жеріне дейін билет сатып алады. Ал егер жолаушыда метроға арналған арнайы картасы болса, онда билетін сканерлеп, турникеттен өте алады.

Ең бастысы эпидемиялық ахуалға байланысты маска режимін қатаң сақтау талап етіледі. Жолаушылардың маскасыз жүргендерін көрсе, метро қызметкерлері олардың қасына арнайы барып, маска тағу қажеттігін ескертеді.

Метро станцияларындағы тақтада қозғалыс бағыттары және маршруттардың соңғы станциялары көрсетілген. Сондықтан қозғалыс бағытын дұрыс анықтау және аралық станцияларды табу үшін алдын-ала Бейжің метросының картасын алған жөн.

Аралық станцияны анықтау проблемасы №10 желіде маңызды болады, өйткені оның станцияларында әр бағыт үшін жеке платформа бар. 

Аялдамалар қытай және ағылшын тілдерінде хабарланады, сондай-ақ стансалардың атауы ақпараттық мониторларда да қайталанады.

Сондай-ақ вагонның ішінде есіктердің үстінде стансалардың атаулары бар электронды табло орналасқан. Қызыл түстісі – пойыз жүретін станса. Пойыз станцияға жақындағанда ол жасыл түске өзгереді. Осы таблоға қарап та, өз стансаңызды оңай табуға болады. 

Пекин метросында жол жүру үшін белгіленген төлем қарастырылған. Ең төменгі сома - 3 юань (210 теңге), бұл 6 шақырым үшін. Кейін әр 6 шақырым қашықтыққа 1 юаньнан (70 теңге) қосылып отырады. Тек әуежайға апаратын Airport Express желісі 25 юань (1750 теңге) тұрады.

Метро билеті (Single Journey Ticket) — автоматтарда немесе билет кассаларында сатылатын магниттік карта. Автоматтар монеталарды да, банкноттарды да қабылдайды. Сатып алынған бір реттік билетті сапардың соңына дейін сақтау қажет. Өйткені ол метроға кіру үшін ғана емес, сонымен қатар шығу үшін де қажет. Бір реттік билетті метродан шығарда турникетке салып ғана шығасыз. Бұл бір реттік билет тек сатып алынған күні ғана жарамды болады. 

Метроның стансалары өте таза.

Орталық стансалардада кез келген жолаушыға қолжетімді тегін дәретхана, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар мен лифтілер бар.

Сондай-ақ әр стансада пойыздың келетін уақыты көрсетілген электронды табло орналасқан.

Қытайлар тәртіпке бағынатын халық. Мысалы, стансада арнайы сары жолақ көрсетілген, барлығы осы сызықты баспай, ережені сақтайды. Себебі сары жолақты пойыз келіп тоқтамағанша, аттап басуға болмайды. 

Пойыз жолы арнайы әйнекпен бөлініп тұр. 

Тағы бір таңғаларлығы, пойыздарда вагондар жеке-жеке вагондарға бөлінбеген. Яғни пойыздың басынан бастап оның соңына дейін оңай өтуге болады.

Тиісті стансаға жеткен соң өзіңізге қажетті шығу жолы арқылы метродан шыға аласыз. 

Еліміздегі Алматы метросы 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған болатын. Қазіргі күні метро алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті жеріне айналып үлгерді.

Алматы метрополитені - еліміз үшін стратегиялық маңызды нысан. Заманауи технологияларды енгізу бойынша жоспарды жүзеге асыру үшін Алматы метрополитенін салу барысында «Herrenknecht AG» неміс компаниясының «Herrenknecht S-320» жоғары өндірісті тоннель қазушы кешені сатып алынған. Нысан Қазақстандағы алғашқы, Орталық Азияда екінші (Ташкент метрополитенінен кейін) және ТМД-дағы 16-шы метрополитен саналады. Метроны соғудағы басты мақсат – көлiк кептелiсiн қысқарту, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, көлiк мәдениетiн қалыптастыруға ықпал ету.

Қазіргі күні Алматы метросында 9 станса жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы