Көңілдесімен бірлесіп "тонау операциясын" ұйымдастырған әйел ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері "тонап кетті" деп жалған ақпарат берген әйелді ұстады. 

Polisia.kz порталының хабарлауынша, Сайрам аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне аудандағы елді мекендердің бірінде тұратын тұрғынның үйіне ұры түскені туралы хабарлама келіп түскен. 

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне жәбірленуші үйіне бетперде киген белгісіз адам кіріп, өзін байлап тастағанын, пышақпен қорқытып, екі миллион теңгесін алып кеткенін айтады. Бұл жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеп, күдіктілерді іздеуге кіріседі. Сайрамдық сақшылар қылмысты ашу мақсатында қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Жақын маңдағы барлық аумақты аралап, тұрғындар мен куәгерлерден жауап алып, қылмыс орнын тексерді. Тергеу барысында жедел уәкілдер оқиға орнынан тонаудың ешқандай нақты іздерін таппаған. Тонау туралы өтірік ақпарат беруі мүмкін деген болжам жасалды. Нәтижесінде полицейлердің бұл болжамы расталып, жәбірленуші полицияға жалған ақпарат бергенін мойындады, - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, әйелі күйеуінен жасырып, көңілдесіне отбасылық ақшадан беріп отырған. Қызды-қыздымен ол екі миллион теңге жұмсап қойып, ақшаның жоқтығын күйеуінен жасырғысы келген. Осылайша, "сүйіктісі" екеуі өздерінше жоспар құрып, "тонап кетті" деп жалған ақпарат беруді шешкен. Сөйтіп, "сері" жігіт "жоспарды" орындау үшін жәбірленуші әйелді байлап, көзінен ұрып, кетіп қалады. Ал отағасы үйге келгенде әйел оған тонаушылардың шабуыл жасағанын айтып, полицияға арыз түсірген. 

Қазір бұл жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы (көрінеу жалған сөз жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеудің жинақталған материалдары іс жүргізу шешімін қабылдау үшін прокуратураға жіберілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы