Төмен жалақы, жем-шөп базасы, субсидия: Ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктер аталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктерді атады.

Мал шаруашылығының негізгі кемістігі – ол саланы жем-шөп базасының мүмкіндігіне қарамай дамытуында. Елімізде мал азығы зоотехникалық нормадан 2 есе аз өндіріледі. Жайылымдардың 20%-дан 60%-ға дейінгі бөлігі тозған, ал жайылымдық алқаптардың 42%-ы суландырудың жоқтығынан пайдаланылмай отыр, – деді министр.

Ербол Қарашөкеев ветеринария саласында да кемшіліктер барын айтты.

Ауылдық жерлерде ветеринариялық қызмет көрсету тиісті деңгейде дамымай отыр. Бұл салаға цифрландыру істері әлі де болса жетпеген, мамандар қағаз басты жұмыстан арылмаған. Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктердің аражігін толық ажырату қажет. Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төменгі деңгейде, – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрі Сенатта.

Оның сөзінше, аграрлық ғылымның және ауыл шаруашылығы үшін кадрлар даярлаудың жай-күйі жетілдіруді қажет етеді. Отандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін өндіріске енгізуде және оларды коммерцияландыруда кемістіктер аз емес. Сондай-ақ білімді таратудың нақты жүйесін қалыптасыруымыз қажет. Оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын жаңарту маңызды.

Саланы мемлекеттік қолдау мәселелерінде де елеулі кемшіліктер бар. Ең алдымен, бұл субсидиялау тетіктерінің күрделілігі, субсидия алудың шарттарының көптігі. Сонымен қатар субсидилар негізінен ірі бизнес субъектілеріне және де технологиялық процестерді қолдауға бағытталған. Осындай олқылықтар мен нақты индикативтік көрсеткіштердің болмауы, сондай-ақ субсидия алушылардың жауапкершіліктерінің жоқтығы жемқорлыққа жол ашып отырғаны бүгінгі күні баршаға мәлім болып отыр, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы