“Толыққанды қазақпын”: Қазақстандық аты-жөнді қазақшалау бойынша челлендж жолдады
Қазақстандық Сейітжан Сыпабек әлеуметтік желіде жеке куәлігіндегі аты-жөнін ресми түрде қазақшалағанын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол құжатында тегін Сыпабековтан Сыпабекке, атын Сейтжаннан Сейітжанға, жеке куәлігінде Жунисбекович деп жазылған әкесінің атын Жүнісбекұлына өзгертті.
Құжаттарымды еш қиындықсыз қазақ тіліне көшірттім. Енді толыққанды қазақпын, - деді ол жазбасында.
Желі қолданушысы бұл шешімді тек ұлттық сезім негізінде қабылдағанын ешқандай саяси, пиар немесе хайп мақсаттары жоқ екенін атады. Сондай-ақ ол көрші елдің тіліне, әдебиетіне, ғылыми жетістіктеріне, халқының басым бөлігіне деген жылы көзқарасы өзгермейтінін жеткізді.
Өзім балабақшада да, мектепте де, жоғары оқу орнында да, докторантурада да, бизнес-мектептерде де қазақ тілінде оқыған емеспін. Дегенмен, Мұхтар Шаханов ағамыздың тіл байлығы деңгейінде болмасақ та, ана тілімді құрметтеймін және оны жақсы меңгеріп жүрмін деп ойлаймын. Тіпті ұлты қазақ бауырларыммен өзге тілде сөйлесуге ұяламын, - деді ол.
Сейітжан Сыпабек Қазақстанда қазақ тілі ұлтаралық тіл болуға тиіс екенін айтты.
Қазақ тіліміз — ұлттық кодымыз. Сондықтан оны тек көшеде ғана емес, барлық салада — Үкіметте, университеттерде, банктерде, ғылыми-технопарктерде, театрларда және мәдениет ошақтарында қолдануымыз керек, - деді ол.
Желі қолданушысы қазақстандықтарға челлендж жолдап, жеке куәлікті өзгерту қадамдарымен бөлісті.
ХҚКО да туу куәлігін ауыстырасыз (5–7 күн, ~2000 ₸). Жаңа туу куәлігін алған соң, сол жерде жеке куәлік/паспортты жаңа аты-жөніңізге рәсімдейсіз (мерзімі мен ақысы – прайс бойынша), - деп жазды Сейітжан Сыпабек.