«Толық емес отбасы» санаты не себептен «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылды?
ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол «толық емес отбасы» санаты не себептен «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылғаны туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында отбасы институтын қолдау және сақтау мақсатында «Бақытты отбасы» жеңілдетілген бағдарламасына қатысушылардың санаттары қайта қаралды. Атап айтқанда, талдау нәтижесінде «толық емес отбасы» санаты алынып тасталды. Мониторинг көрсетіп отырғандай, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72 пайызға немесе 61,6 мың адамға артқан, - деді спикер.
Ол қазіргі жағдай басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тең емес жағдай тудыратынын айтты. Мәселен, 2021-2022 жылдары «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50 пайыздан астамы толық емес отбасылардан келіп түскен.
Сонымен қатар басым санаттарға жетім балалар, 1 және 2 топтағы мүгедек адамдар, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Енді олар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар бастапқы жарнасы 10 пайыз және 20 жылға дейінгі мерзіммен («2-10-20» бағдарламасы) жылдық 2 пайыз несиелеудің жеңілдетілген мөлшерлемесі бойынша жергілікті атқарушы органнан несиелік баспана ала алады.