Толық болжам: Қазақстанда ақпан айында күн райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2026 жылғы ақпан айына арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, ақпан айы қысқы сипатын сақтағанымен, айдың соңына қарай ел аумағында айтарлықтай жылыну байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елдің басым бөлігінде аяз сақталады. Атап айтқанда, солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы −13…−18 градус шамасында болады. Ал ең оңтүстік аймақтарда күндізгі температура +3 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Ауа температурасының өзгерісі

Синоптиктердің болжамынша, ақпан айының соңына қарай температуралық фон біртіндеп жоғарылайды. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы 3-3,8 градусқа, ал еліміздің қалған аймақтарында 0,5-1,5 градусқа көтеріледі.

Сонымен қатар, Түркістан облысының оңтүстік аудандарында ақпан айының алғашқы жартысында температураның 0 градустан жоғары көрсеткіштерге ауысуы күтіледі.

Жауын-шашын мөлшері

Ақпан айында Қазақстанның көп бөлігінде 6-27 миллиметр аралығында жауын-шашын түсуі ықтимал. Ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлердің таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын көлемі 30-110 миллиметрге дейін жетуі мүмкін.

Солтүстік өңірлерде жауын-шашын көбіне қар түрінде, ал оңтүстікте қар мен жаңбыр аралас жауады. Түркістан облысында жауын-шашынның шамамен жартысы аралас күйде түседі.

Жауын-шашын болатын күндер саны:

• ел бойынша орта есеппен – 10-12 күн;
• шөлейт аймақтарда – 6-7 күн.

Қар жамылғысының жағдайы

Ақпан айының соңына қарай қар жамылғысының биіктігі өңірлер бойынша әртүрлі болады. Солтүстік аймақтарда қардың қалыңдығы 15-35 сантиметрге, оңтүстікте 3-15 сантиметрге жетеді.

Ал таулы өңірлерде қар жамылғысы 70 сантиметрден 2 метрге дейін қалыңдауы мүмкін.

Оңтүстік аймақтарда тұрақты қар жамылғысы, әдетте, ақпан айының екінші жартысында ери бастайды.

Жел және қауіпті метеорологиялық құбылыстар

Ақпан айында желдің орташа жылдамдығы елдің басым бөлігінде 4,5-7,5 м/с болады. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлерде жел әлсіздеу – 1-4,3 м/с шамасында соғады.

Ал кейбір аймақтарда, атап айтқанда Каспий маңында, Мұғалжар тауларының ауданында және асуларда, желдің жылдамдығы 6-9,5 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Сондай-ақ солтүстік және таулы өңірлерде боран, көктайғақ пен тұман жиі байқалуы ықтимал. Ал еліміздің оңтүстігінде сирек жағдайда қысқы найзағай болуы да жоққа шығарылмайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы