"Төленбей жатады". Бектенов шетелде жұмыс істейтін ел азаматтарының құқығы қорғалатынын айтты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға жағдай жасау керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда шетелде жұмыс істеп жатқан немесе сонда жұмысқа орналасқысы келетін қазақстандықтар көп. Бұл олардың еңбек қатынастарын заңдастыруды, құқықтарын қорғауды талап етеді. Оларға жалақы төлемеу, медициналық қызмет көрсетпеу, келісімшарттар өрескел бұзылған фактілер бізге белгілі. Сондықтан қазір тиісті үкіметаралық келісімдерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Бектенов.

Оның сөзінше, шет елдерде қазақстандықтарды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет.

Қазақстандықтар келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс. Еңбек министрлігі осы бағытта кешенді шаралар қабылдасын. Сонымен қатар шет мемлекеттерде жұмыс істегісі келетіндер үшін Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтарын ашуға болады. Мысалы, оларды Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында ашу жоспарлануда. Осы өңірлердің әкімдері бұл жұмысты жеделдетуі қажет. Басқа өңірлер де осы тәжірибені пайдалануына болады, – деді Премьер-министр.

Айта кетсек, Үкімет басшысы жылу орталықтарының жұмысын сынға алған болатын, сондай-ақ Бектенов әкімдіктерге нақты тапсырма жүктеген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив
Өзгелердің жаңалығы