Төлеген Абдуллин: Автожолдарда тәулік бойы кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Елімізде су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Абдуллин айтты.
Биыл наурыз айынан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын еріген және тасқын сулардың өтуіне дайындау жұмыстары жүргізілуде. Су өткізу құбырларының саңылауларын тазалау жұмыстары аяқталуға таяу. Бүгінгі күні 15 070 құбырдың 6 299 су өткізу құбыры ашылды. Бұл – жоспарланған 7131 дананың 88%-ы, - деді ол.
Бұдан бөлек, автожолдарда тәулік бойы кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылған. 434 қауіпті учаске, 838 құбыр және 52 көпір жіті бақылауға алынды. Аталған учаскелерде қажетті жол техникасының 746 бірлігі бекітілген.
Су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы әрі тиімді ұйымдастыру үшін барлық қажетті жол материалдары әзірленген. Атап айтқанда, 631 тонна ЖЖМ (97%), 7,3 мың м³ құм (100%), 12,2 мың м³ тас (100%), 14,5 мың м³ қиыршық тас (100%) , 44,6 мың қап (82%) және 24 темірбетон конструкциясы (100%) сақадай сай, - деді спикер.
Оның айтуынша, үйінділердің биіктігін арттыру мақсатында қосымша көпірлер мен су өткізу құбырларын орнату бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Реконструкция мен күрделі жөндеу жүргізу барысында су тасқынының қаупі жоғары деген автомобиль жолдарының учаскелерінде тасқын сулардың өткізгіштігін арттыру үшін саңылаулардың диаметрін және су өткізгіштердің санын көбейтіп, үйінділердің биіктігін арттыру мақсатында қосымша көпірлер мен су өткізу құбырларын орнату бойынша жұмыстар жүргізіледі. Су тасқынына қарсы шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайлары, сондай-ақ өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері ескеріледі, - деді Абдуллин.