Төлеби ауданының білім саласындағы тың жобалары нәтижесін беруде
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда Түркістан облысы, Төлеби ауданы бойынша білім беру саласында бірқатар жақсы жаңалықтар көбейген. Шалғайдағы елді мекендердің білім саласына бұдан былай жақсы көрсеткіштермен толыға түседі деп күтілуде. Атап айтқанда, білім бөліміне керекті мектептерден жинақталатын мәліметтерді, есептерді, сауалнамаларды жинақтау автоматтандырылған.
Айта кетейік, Төлеби ауданында 67 мектеп, 25 907 оқушы, 4500 мұғалім бар. «Цифрлы Қазақстан» кешендік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданның білім саласын цифрландыру бағытында бірнеше жобалар жасалған. Соның бірі, аудандық білім бөлімінің «Tolebi.bilim malimet» деректер қоры. Жоба интернет желісі арқылы арнайы жасалған форманы толтыру арқылы жүзеге асады.
«Бұл жүйенің артықшылығы – біріншіден қағазбастылықтан арылту, екінші уақытты үнемдеу, сапалы жұмыс пен үшінші сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою. Біз жасаған форма арқылы кез келген мәліметті интернет жоқ жерде телефон арқылы да ала беруге болады және кез келген мәліметті сала салады. Сол мәліметтерді 67 мектептен жинап отыру үшін бұрын бір-екі апта уақыт кететін. Ал қазір ортақ базаға автоматтандырып, өзі жинақтап шығады. Өте жылдам. Әрбір мектептен алынған мәліметті есептеп, жинақтап отырудың қажеті жоқ», - дейді Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова.
Ауданның білім саласындағы екінші бір жобасы ол – «Tolebi ornekteri» электронды каталогы. Бұл мектеп оқушыларының жасаған қолөнер бұйымдары мен туындыларын кәдесый ретінде сату жұмыстарын ұйымдастыру үшін жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасап іске асыру мақсатында жасалған. Жас қолөнер шеберлері өнерін көрсетіп қана қоймай, оны сатумен де айналыса алады. Бұйымдардың бағасы қолжетімді. Технология пәнін оқытуда экономикалық сауаттылықты дамытуға бағытталған жоба пән мұғалімдерінің арасында ауқымды қолдауға ие болды.
Үшінші, «Үлкендер жолы – ұлылық» жобасы. Жобаның мақсаты – ұстаздық өмір жолын білім саласына арнаған, білімнің қыр-сырын жетік меңгерген, білікті ардагер ұстаздарды мектепке тарту. Мұның тиімділігі – жас директорларға басқарудағы мәдениеттілік, іскерлік, ұйымдастырушылық қызметтеріне, пән мұғалімдерінің шығармашылық ізденістерінің шыңдалуына үлкен әдістемелік қолдау.
Бұдан бөлек, ауданда педагог кадрларды жұмысқа қабылдаудың түбегейлі жаңа жүйесі ендірілген. Ол jumys.sitsen.kz автоматтандырылған электронды порталы арқылы жүзеге асырылуда. Аталған жүйемен бүгінде 67 мектепте 4 айда 80 бос жұмыс орны жарияланған. Нәтижесінде 25 мұғалім және 24 кіші техникалық қызметкер жұмысқа қабылданған. Ал balabaksha.kz порталы арқылы 1089 бала кезекке тіркеліп, 1047 бала балабақшаға қабылданған. Былтырдан бері іске қосылған mektep.sitcen.kz порталы арқылы осы жылдың қыркүйек айында 1 сыныпқа оқушылар қабылданатын болады.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі басшысының бастамасымен аудан тұрғындарымен, ата-аналармен, мұғалімдермен тікелей байланыс орнату мақсатында Telegramm мессенжерінде арнайы «Төлеби аудандық білім бөлімі» байланыс чаты ашылды. Байланыс чатының сілтемесі аудандағы білім саласындағы чаттарға жіберілді. Жіберілген сілтеме арқылы байланыс орнатуға болады. Чат арқылы ата-аналар, аудан тұрғыны білім бөлімінің басшысына тікелей өзінің хабарламасын жібере алады.
«Аталған чатта ата-аналар білім саласына қатысты кез келген толғандырған мәселені тікелей өзіме жолдай алады. Мысалы, ата-аналар шалғайдағы ауылдан келе алмаған жағдайда, одан бөлек мен жиналысқа кеткен кезде, менімен жұмыс орнымда кездесе қалмай қалса да кез келген сұрақты жолдап, жауабын алып отырады», - дейді білім бөлімінің басшысы.
Төлеби ауданының білім саласындағы тағы бір тың жаңалық, бірінші сыныпта оқитын оқушылардың кітаптарын мектепке қалдырып кету. Бүгінгі таңда ауданда №7 жалпы орта мектебі мен №4 Қ.Сатбаев атындағы жалпы орта мектебінде осындай жұмыстар жүргізілуде. Осы мектептерде әр оқушыға арнайы шкаф жасалған. Сабақ соңында кітаптарын шкафтарына салып жауып кетеді. Бұл әсіресе оқулықтары ауыр 1 сынып балдырғандары үшін табылған шешім.
«Біз 1 сыныптарды оқулықтарды үйіне тасып апармауын қолға алдық. Бұл мектептерде алдын шағын орталық болған. Кейіннен ауданымызда жекеменшік балабақшалар көптеп ашылуына байланысты шағын орталықтардың қажеті болмай қалды. Біз содан қалған шкафтарды пайдаландық. Екіншіден, оқушылардың осы мектеп қабырғасында отырып үй тапсырмасын толығымен орындауы жүзеге асырылуда. Онда сынып жетекшісі бастан-аяқ үй тапсырмасын орындатып болған соң ғана, оқушылар үйіне қайтады. Себебі, жұмыстан келген баланың ата-анасының қолы тимейтін шығар. Бұл жобаны 4 тоқсанда қостық. Білім сапасы жылдың қорытындысымен белгілі болады. Ал мұғалімдердің қосымша атқарып жатқан жұмысына жергілікті бюджеттен 30 пайыз айлығын төлейміз. Екі мектепте бес-бес сыныптан оқытылды», - деді Роза Аманова.
Биыл оқу жылында облыстық ғылыми жоба жарыстарында 9 орын, «Зерде» балалар шығармашылық жобалары мен зерттеу жұмыстарында 10 оқушы, республикалық ғылыми жобада 3 оқушы жүлдегер атанды.
Аудандық білім бөлімі басшысының сөзінше, мектептерде өткізілетін олимпиадаларды өткізу ережесіне өзгерістер енгізілген. Олимпиаданың шынайы, әділ, сапалы өткізу мақсатында қатысушының жұмыстарын кодтау әдісінің жаңа жүйесі ендірілді. Сонымен қатар, аудиториялар мен оқушы жұмысын тексеруде ата-аналар қатыстырылды. Нәтижесінде оқушылардың пән олимпиадасының облыстық кезеңінде 21 оқушы жүлделі орын иеленіп, республикалық пән олимпиадасында 4 оқушы жүлделі орын, 1 оқушы «Алтын медальмен», 4 оқушы қола медальмен марапатталды.
Ауданда оқушылардың ғылыми ізденіс жұмыстары жүйелі түрде сатылай іске асуда. Жас ерекшеліктеріне қарай бастауыш сынып «Жас дарын», орта буын «Зеректер», жоғары сыныптар «Талантты ғалым» қоғамдары жұмыс атқаруда. Жобаның ерекшелігі, бастауышта алған тақырып қарапайымнан жоғары сатыда ғылыми маңыздылығына қарай тереңірек толықтырылады. Соңғы үш жыл қатарынан аудан оқушылары республикалық ғылыми жоба жарысынан оза шауып, бәйге алып келеді.
Сонымен қатар, аудан ұстаздары «Білім беру мазмұнын жаңартудың маңыздылығы», «Педагогтардың коммуникативтілік құзырлылығы мен soft skills /ақыл-ой құралдары/ дағдыларын жетілдіру» тақырыптары жобасымен жұмыс жүргізуде. Жобалардың тиімділігі: жаңа білім парадигмасының әдіснамалық негіздерін «қалай оқыту керектігіне», «неге оқыту керектігіне» бағыттайды. Жобаның аясында аудан мұғалімдері республикалық семинарда Астана қаласында сабақ өтіп, тәжірибесімен бөлісті.
«Ауданда жаңартылған білім беру мазмұнын сапалы іске асыруда педагогтардың біліктілігін көтеру, шығармашылық ізденістерін дамыту, тәжірибе бөлісуде әдістемелік қолдау көрсетудеміз. Педагогтар арасында тәжірибелік, көмек, оқыту, зерттеу семинарлары, шебер сыныптар, коучингтер, дөңгелек үстелдер, шығармашылық жұмыстар қорғалып келеді. Жаңартылған білім беру мазмұнын білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорлары, оқу ісі жөніндегі орынбасарлардан құралған шығармашылық топ үлгілік қысқа мерзімді сабақ жоспарын түзіп, ашық сабақтар мен ашық есік күндерін өткізуі, пән мұғалімдерінің кәсіби шыңдалуына ықпалын тигізуде», - деді Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова.