Төлеби ауданында жас жұбайлар өз таңдауын жасады
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жалпы оңтүстік аймақтағы 241 сайлау учаскесінде 166 үміткер әкім болуға бақ сынап жатыр.
Таңғы сағат жетіде басталған сайлау кешкі сегізге дейін жалғасады. Сарапшылар бүгінгі саяси науқанға 265146 сайлаушы қатысады деп болжады.
Сайлауға 1549 сайлау комиссияларының мүшелері қатысуда. Олардың барлығы да бетперделермен, арнайы қолғаптармен, антисептиктермен жеткілікті түрде қамтылған.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында ауыл әкімдерін сайлау үшін дауыс беру жалғасуда. Әсіресе Киелітас ауылдық округінің тұрғындары бұл науқанда белсенділік танытып отыр. Округ тұрғындары өз сайлау учаскелерінде таңдау жасауда.
Киелітас ауылдық округіндегі №766 сайлау учаскесінде 1500-ден астам сайлаушы бар. Дауыс беру жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Бүгін Төлеби ауданы тұрғындарының қатарында жас отбасылар да өз таңдауын жасап, дауыс берді. Солардың бірі - Сұлтанрабат елді мекенінің тұрғындары Шахнур Ирисмат пен жұбайы Камила Султанбекова. Жақында ғана отбасын құрып, шаңырақ көтерген жастар ауыл халқының жарқын болашағы үшін дауыс бергенін айтады.
Бүгінгі сайлаудың маңызы зор. Шаңырақ көтерген жылымыз осылай ауыл әкіміне дауыс беруімізбен ерекше есте қалғалы тұр. Алайда, біз осы ауыл округінің тұрғындары ретінде дұрыс таңдау жасадық деп ойлаймыз. Себебі ауылдың болашағы біздің де болашағымызбен тығыз байланысты, - деді жас жұбайлар.
Сайлау Төлеби ауданының Аққұм, Киелітас, Көксәйек, Қасқасу,Тасарық ауылдық округтерінде де өтуде. Бес ауылдық округте 24 сайлау учаскесі бар. Жалпы сайлаушылар саны - 22214. Сайлауда 16 үміткер бақ сынауда. Атап айтқанда, Аққұмнан - 3 кандидат, Киелітастан - 4 кандидат, Көксәйектен - 4 кандидат, Қасқасудан - 2 кандидат, Тасарықтан - 3 кандидат сайлауға түсіп жатыр.
Сайлау таңғы сағат 7.00 де басталды және барлық заң талаптарына сәйкес өтуде. Барлық сайлау учаскелерінде карантин талаптары сақталған.