Төлеби ауданында 60 отбасы баспаналы болды
Тәуелсіздік күні мерекесі мен Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығы Ленгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түркістан облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйден пәтер кезегінде тұрған 60 отбасыға баспана кілттері табысталды. Баспаналар әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді. Наурыз айында Төлеби ауданында баспана кезегінде тұрған 120 отбасы үйлі болды.
Жаңа қоныс иелерін құттықтауға арнайы келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды төлебиліктердің қуанышына ортақтасты.
Тәуелсіздік алған 31 жыл ішінде мемлекетімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Азаттықтың арқасында ауылдарды дамытуға мүмкіндік туды. Осы уақыт ішінде бір ғана Төлеби ауданында мемлекет есебінен 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 500 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін біз 60 отбасыға пәтер кілтін табыс етпекшіміз. Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы саясаттың жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамтуды басты назарда ұстайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығында Төле би бабаның еңселі ескертшісі ашылды. «Төлеби баба» саябағында орналасқан биіктігі 23 метр болатын мыс ескерткіш демеуші Әсет Қайыпбековтың есебінен жасалды. Мүсін салмағы — 25 тонна. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылған «Тұғыры биік Төлеби» атты мерекелік жиынға қатысып, ізгі тілегін жеткізді.
Мерейтойда «ETNO – АYYL» алаңындағы ұлттық спорт ойындарынан сайыс өтті. Киіз үйлер тігіліп, халық әндері шырқалды. Ел ағалары елді бірлікке шақыратын ойларын айтып, кеңес құрды. Жергілікті кәсіпкерлердің тауар көрмесі ұйымдастырылды.