Токиода Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне фотокөрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  «Дайго Фукурю Мару» музейінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 29 жылдығына орай арнайы фотокөрме ашылды.

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Көрме өткізіліп отырған музей траулер «Дайго Фукурю-мару» есімімен аталады. Оның экипажы 1954 жылы 1 наурызда Бикини атоллында американдық «Кастл Браво» сутегі бомбасын сынау нәтижесінде ауыр радиациялық жарақат алған болатын. 


Мерейлі күнге орайластырылған көрме 5 қыркүйекке дейін созылады. Көрменің фотосуреттерінде Семей полигонындағы сынақтарды өткізу тарихы мен оның барысы, сондай-ақ «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы бейнеленген. 


2016 жылы Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің бастамасымен мұражайда тұрақты экспозиция ашылып, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи шешімі туралы таныстырылған. 


Жапония Парламенті өкілдер палатасының депутаты, бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Йосиаки Харада, сондай-ақ Жапония атом және сутегі бомбалары құрбандары конфедерациясының төрағасы Теруми Танака Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне қатысты өз ойларымен бөлісті. Жапондық депутат Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан ерекше үлесін атап өтті. Конфедерация төрағасы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы және ядросыз әлем құрудағы жетекші рөлін жоғары бағалады.
 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы