Токиода Елбасы кітапханасының қор көрмесі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Токио қаласындағы БҰҰ Университетінде (Жапония) Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы аясында Елбасы кітапханасы қорларының көрмесі ашылды.
Елбасының ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамалары Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін алғаш рет шетелдік қоғамдастыққа ұсынылып отыр. Көрмеде атом қуатын бейбіт мақсатта қолданатын ядролық қарудан азат әлем тұжырымдамасының бастауы мен мазмұны толық көлемде ұсынылған.
Музейлік, архивтік және кітап материалдары негізінде ядролық қарусыздану және жаһандық қауіпсіздік жүйесін құру мен дамытудың қағидаттарын жасақтаған Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің жаһандық ауқымды тұлғасы көрсетілген.
Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ядролық қуатты әскери мақсатта жабайылықпен қолданудың кері салдарынан қатты зардап шеккен Қазақстан мен Жапония тағдырының ортақтығын атап өтті. Оның сөзінше, аталған жоба – халықтар арасындағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің негізі болып табылатын ядролық
қауіпсіздіктің жаһандық тақырыбы бойынша құжаттық дереккөздерді, музейлік және кітап топтамаларын жинау мен зерттеудің нәтижесі.
«Бүгін, Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сіздерге екі ел үшін маңызды да қызықты көптеген сұрақтар мен тақырыптарды қамтитын көрмені зор қуанышпен әрі үлкен толқумен ұсынамын. Қазақстан да, Жапония да, осы екі елдің басшылары қабылдаған пәрменді шаралар негізін қалаған саяси мәдениет пен тарихи дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Күн тәртібін өркениетті үнқатысу мен еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі мен гүлденуі үшін алған міндеттемелерді дәйекті орындауға ортақ қажеттіліктер анықтайды», - деді Рахымжанов.
«Бүгінгідей көрме Жапонияда алғаш рет өтуде. Мұнда наградалар ұсынылған, олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген Жапонияның жоғары мемлекеттік наградасы – Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) ордені бар. Сондай-ақ, Елбасымызға «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру сәті бейнелеген фотосурет те бар. Жоба аясындағы қор көрмесі, халықаралық конференциядан тұратын іс-шаралар - екі елдің ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету ниетінің көрнекі мысалы. Бұдан басқа,мұнда жапондық қоғамдастыққа қазақтың зергерлік бұйымдары, ұлттық киімі ұсынылған. Бұл – біздің тарихымыз бен мәдениетімізді таныстыруда аса маңызды», - деді Қазақстан Республикасының Жапониядағы елшсі Ерлан Баударбек-Қожатаев.
Көрменің алғашқы келушілерінің бірі Токиолық кәсіпкер Юуичиро Миками болды. Оны Қазақстанмен Алматы қаласында оқыған жылдары байланыстырады.
«Жапония Қазақстан туралы ақпаратқа зәру. Менің өзім сіздердің еліңізде оқығаныма қарамастан Қазақстан туралы аз біледі екенмін. Мұны еліміз арасындағы ортақ қырларды ашқан бүгінгі көрмеден түсіндім. Көрмеде зерттеуді қажет етеін көптеген тарихи деректер терең көрсетілген. Бүгінде менің бизнесім медициналық туризм саласында дамуда. Менің ісімнің қазақстандықтарға да пайдасы тиер деп үміттенемін», - деді ойымен бөліскен Ю.Миками.
«Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасының көрмесіне 350-ден астам сақтау бірлік (экспонаттар,архивтік құжаттар, фото- және бейнематериалдар) ұсынылған. Көрме үш бөлімнентұрады:
1. «Ұлы дала елі: өткен мен болашақ аралығында»;
2. «Ядролық қарусыз әлем жолында»;
3. «Қазақстан-Жапония: бейбітшілік үшін ынтымақтастық».
«Ұлы дала елі: өткен мен болашақ аралығында» бөлімі жапон көрерменін Қазақстанның таңқаларлық табиғатын тамашалауға, қазақ халқы тарихының тұңғиығына үңілуге шақырады. Осындай жағдайда қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретіндегі тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолының кезеңдері баяндалады. Этнографиялық кешен ұлттық киім үлгілерінен, сондай-ақ Кітапхана қорлары мен танымал қазақстандық зергер Естай Даубаевтың авторлық туындыларының зергерлік бұйымдарынан тұрады.
«Ядролық қарусыз әлем жолында» бөлімі ядролық сынақ полигонына айналған қазақ жерінің қасіретті тарихы туралы сыр шертеді. 1991 жылы қазақстандықтар Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту және Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи бастамасын бірауыздан қолдады.
Аталған бөлімде алғаш рет халықаралық деңгейде Тұңғыш президенттің жеке архивінен мынадай құжаттар ұсынылып отыр: Семей полигоны аймағындағы радиациялық фон туралы ақпараттық анықтамалар, елдің басшыларына ядролық сынақтарды тоқтатуды сұраған азаматтардың өтініштері, жарылысты көзімен көргендердің естеліктері, Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлық,
Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық ұйымдар мінберінен қарусыздануға шақырған үндеулерінің тезистері. Фотомұрағат Ю.Куйдиннің альбомындағы эксклюзивті фотосуреттерден тұрады.
Музейлік қор жаһандық антиядролық қозғалысқа қосқан жеке үлесі үшін Елбасына берілген Ұлыбритания және Жапонияның мемлекеттік наградалары, сондай-ақ «Ядролық қауіпті азайту жөніндегі бастама» қорының, «Шығыс-Батыс» Институтының наградалары мен басқа да қоғамдық марапаттардан тұрады.
«Қазақстан-Жапония: бейбітшілік үшін ынтымақтастық» бөлімі Елбасының жеке архивінің материалдары негізінде қазақстан-жапон ынтымақтастығының тарихын, оның ішінде жапон тұтқындары мен Қазақстан аумағында бейтарапталғандар тағдыры, екі елдің антиядролық қозғалысқа қосқан үлесі туралы тақырыптарды қамтиды. Қазақстанның Жапониямен достық қатынастарын баяндайтын архивтік құжаттар кеңінен көрсетілген: Жапония императоры Акихитомен, сондай-ақ жапон үкіметі және бизнес өкілдерімен болған кездесулердің тезистері. Осында жапон тарапынан тарту етілген дипломатиялық сыйлар, Токай университетінің инженерлік ғылымдар құрметті докторы дәрежесінің медалі мен мантиясы, «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағы, Хиросима балаларынан оригами және басқалары.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы кеңсесі мен қорының қолдауымен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Жапониядағы елшілігі және Гои бейбітшілік қоры.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасына көрмемен қатар Токио қаласындағы БҰҰ Университетінде ядролық қарусыздану саласындағы беделді сарапшылардың қатысуымен бүгін өтетін халықаралық конференция да кіреді. Конференция Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалысты дамытудағы қызметіне арналған.
«Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» конференциясына Қазақстан Республикасының Жапониядағы елшсі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, БҰҰ Бас хатшысының бұрыңғы орынбасары Ясуси Акаси, АТОМ Жобасының Құрметті Елшісі Кәріпбек Күйіков, Токиодағы Нагасаки Өкілдігінің
басшысы Хисато Мицутаке, Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджи, сондай-ақ шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысады.
Қазақстан Республикасы президентінің Телерадиокешені Елбасы кітапханасының ғылыми-экспозициялық жобасы аясында арнайы дайындалған фильмді ұсынады. Фильм жоба тақырыбының өзіндік алғы сөзі іспетті.