Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Бүгін Токио-2020 Олимпиадасының жеңіпаздары марапатталды. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Олимпиада жүлдегерлерінің ерен еңбектерін бағалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар мемлекеттік награда табыс етті.
Іс-шараға Мемлекеттік хатшыдан бөлек Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты.
Ардақты әлеумет, биылғы Олимпиада спорт тарихындағы айрықша бәсекелі болғаны анық. Мұндай індетпен күресу кезінде жаттығуларын жасау да оңай соққан жоқ. Спортшылардың дайындығы біршама өзгерді. Олимпиада уақыты бір жылға кейінге шегерілді. Осындай сын сәтте сынға түскен спортшылардың ерік-жігерін ерекше атап өткім келеді. Қанша жылғы ерен еңбекпен келген жүлделеріңіз құтты болсын! Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сіздерді, ең алдымен, ерен еңбектеріңізді, Олимпиададағы жетістіктеріңізді ескеріп, мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды, - деді ол.
Сонымен қатар Олимпиада жеңіпаздары мен олардың жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы берілді. Олимпиада жүлдегерлеріне 31 млн теңге, ал жаттықтырушыларға 25 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Токио Олимпиадасы еліміздің спорт саласының шынайы бет-бейнесін ашып, ондағы ахуалдың қандай екенін анық көрсетті. Спорт саласына шұғыл реформа қажет екенін айқындатты. Олимпиада ойындарында бір алтын, бір күміске қол жеткізе алмау бұрын-соңды болмаған. Жалпы есепте 83-орынға тұрақтадық. Бұл кезекте жанкүйерлердің сын-ескертпелері орынды деп санаймыз. Сондықтан Токио Олимпиадасын саралап, қорытынды шығаруымыз қажет, - Қырымбек Көшербаев.
Сөз соңында Мемлекеттік хатшы елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөлінетінін айтты.
Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен айналысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасамай, біраз жарыста жетістікке жетеміз деу - әбестік. Сондықтан еліміздің әрбір өңірлеріндегі спорт мектептеріне назар аударып, бос көрсеткішке ұмтылуды қоюымыз керек. Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттырсақ, одан, әрине, сапа да шығады. Ал сапа бізді Азия және Әлем біріншіліктерінде көк байрағымыздың көкке қалықтауына арқау болады. Бұл - күттірмей қолға алатын шаруаның негізгісі. Осы ретте Президент бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік ареналарда үлкен табыстарға қол жеткізуді тапсырды, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Боксшыларымыз сәтсіз өнер көрсетті – Бақтияр Артаев
Келесі жаңалық
Таразда екінші «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді
Өзгелердің жаңалығы