Токиоға дейін спортшылар бабын жоғалтып алмай ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемиядан қатты зардап шеккендердің бірі – спортшылар. Биылғы жылы жоспарланған халықаралық ірі жарыстардың басым бөлігі кейінге шегерілді. Олардың арасында Токио Олимпиадасы да бар. 

  Олимпиада көрерменсіз өтуі мүмкін 

«Спорт жарыстарында вирус жұқтырды» деген спортшыны естімедік. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті, әлемдік федерациялар, жарыс өткізуші елдер сақтық шараларын ойлап, көптеген жарысты кейінге қалдырып жатыр. Соның ішінде 24 шілде мен 9 тамыз аралығына жоспарланған ХХХII жазғы Олимпиада ойындары мен футболдан Еуропа біріншілігі 2021 жылға қалдырылды. 

Дегенмен, 2021 жылы да Олимпиада ойындарының өткізілуіне қатысты әртүрлі әңгімелер бар. Тіпті, жарыстарды тамашалайтын көрермендер санына шектеу қойылуы мүмкін. Ол туралы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Тоширо Муто айтты. 

Ұйымдастырушылар қолдан келгеннің бәрін жасайды. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) әрі қарай соза беруді қаламайды. Қазір барлығымыз да Олимпиада ойындарын келесі жылы өткізуге жанталасып жатырмыз, - дейді Муто. 
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Олимпиада ойындарын көрерменсіз өткізу мәселесін де қарастырып жатқанын жеткізді. 
Томас Бах (ХОК президенті) ондай сценарийдің болғанын қаламайды. Комитет басшысы әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, көрермендер санын шектеудің болғанын құп көреді, - дейді ол. 
Токио Олимпиадасы ресми түрде 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамыз аралығына ауыстырылды. 

   Қазақстанда қанша жолдама бар? 

ХХХІІ жазғы ойындарда 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа түспек. Бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді бес спорт түрі қосылды. 

Қазақстан карантинге дейін 42 жолдамаға қол жеткізіп үлгерді. 


Олар: Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу), Дмитрий Баландин (100,200 метрге брасс әдісімен жүзу), Ольга Рыпакова, Георгий Шейко, Айман Ратова (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Юрий Юрков (нысана көздеу), Сәрсенкүл Рысбекова (стенд ату), Екатерина және Александра Немич (синхронды жүзу), Милад Карими (спорттық гимнастика), Валентина Исламова, Элмира Сыздықова (әйелдер күресі), Асхат Ділмұхамедов, Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали (еркін күрес), Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко (қазіргі бессайыс), Бекзат Нұрдәулетов (бокс, 81 келі), Василий Левит (бокс, 91 келі), Зәкір Сафуллин (бокс, 63 келі), Әбілхан Аманқұл (бокс, 75 келі), Серік Теміржанов (бокс, 57 келі), Абылайхан Жүсіпов (бокс, 69 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (бокс, +91 келі), Сәкен Бибосынов (52 келі), Надежда Рябец (бокс, 75 келі). 

Осылардың арасында тоқтала кететін болсақ, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда жолдамаға қол жеткізді. Әйелдерден әзірге 75 келідегі Надежда Рябец жолдамаға қол жеткізді. Токиода әйелдер боксынан бес салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады. 

«Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикадан әзірге 3 спортшы жолдама алып үлгерген. Былтырғы жылы спорттық жүрістен Георгий Шейко алғаш болып, тізімге енген. Биыл жеңіл атлетиканың дәл осы түрінен әйелдер арасында Айман Ратова қосылды. Сондай-ақ үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова төртінші Олимпиадасында бақ сынамақ. Алғашқы үшеуінде жолы болып, құр қол қайтпаған. 

2019 жылдың сәуір айында суға жүзуден лицензия түсті. Кувейтте өткен Азия чемпионатта (ашық бассейн) Виталий Худякова 10 шақырымға жүгіруден бірінші келіп, жолдамаға иелік еткен. 


Содан кейін араға бірнеше күн салып, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин халықаралық Champions Swim Series турнирінде 200 метрге брасс әдіспен жүзуден лицензия жеңіп алса, шілде айында әлем чемпионатында 100 метрге брасс әдісімен жүзудің жолдамасын қоса иеленді. 

Былтырғы жылы Олимпиада ойындарына қатысуға классикалық түрде садақ атудан Қазақстан ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфа Абдуллин, Санжар Мұсаев) мүмкіндік алды. 

Алдағы Токио Олимпиадасында енген жаңа спорт түрлерінің бірі – құзға өрмелеу. Бұл спорт түрінен ел намысын Ришат Хайбуллин қорғайды. Ол 2019 жылы өткен әлем чемпионатында финалға өтіп, бірден Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаға ие болды. 

Велоспорттан 7 жолдама бар. Оның екеуі Артем Захаров пен Сергей Пономаревке тиесілі. Пономарев сонымен қатар, спринтте де жарысады. 

Жапония астанасында апалы-сіңілі Александра мен Екатерина Немичтер де бақ сынайды. 

Ал күрес түрлерінен 8 жолдама бар. Оның барлығы былтырғы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген әлем чемпионатында қол жеткізілген. 

2019 жылы Германияның Штутгарт қаласында болған спорттық гимнастикадан 49-рет лицензиялық әлем чемпионатында өтті. Финалға өткен барлық спортшылар бірден Олимпиада жолдамасын қоржынға салады. Олардың арасында қазақстандық Милад Карими де бар. 


Катардың Доха қаласында өткен нысана көздеу бойынша Азия чемпионатында үш позициядан (50 метр) шағын калибрлі мылтықтан ату бойынша 6-орыннан көрінген Юрий Юрков пен дәл осы қалада стенд атудан өткен Азия чемпионатында күміс медаль еншілеген Сәрсенкүл Рысбекова да Олимпиада жолдамасын қалтаға басты. 

Тарихи лицензияның бірі Дархан Асаділов жеңіп әперді. Өйткені құзға өрмелеу секілді каратэ де Олимпиада ойындарына алғаш енгізілді. Асаділов қазіргі әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. 


Халықаралық жарыстар қашан жалғасады? 

Қазіргі таңда пандемияға байланысты спорт жарыстары жоққа тән. Рас, Еуропа жасыл алаңдарында доп додасы жанкүйерсіз жалғасып жатыр. Ал басқа спорттық сайыстарды өткізуге халықаралық федерация өкілдерінің жүрегі дауламай отыр. Коновирус індеті бүкіл әлемді жайпап өтті. Кейбір Халықаралық федерациялар жарысты тамыз айына енді бірі қыркүйек айларына жоспарлап жатыр. Дегенмен, әлі де нақты ресми ақпарат жоқ. Кейбірі тіпті жыл соңына дейін жарыс өткізуді мүлде доғарған. Мәселен, академиялық есу, нысана көздеу сияқты спорт түрлері жыл соңына дейін «демалыс» алды. Бұл туралы аталған спорт түрлерінің ресми сайты мәлімдеді. 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков «Qazsport» арнасында «Карантиндегі қазақ спорты» бағдарламасында еліміздің спортшылары оқу-жаттығу жиындарын уақытша тоқтатқаны жөнінде айтып өтті. Яғни, спортшыларымыз дәл қазіргі таңда «карантинде». Жаттығуды үйде жасап, әркім өз білгендерінше әрекет етіп жатыр. Сонымен қатар, вице-министр спортшыларымыздың Токио олимпиадасының 42 жолдамасын иеленгенін және де жүзге жуық жолдама алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ең бастысы - спортшыларымыздың денсаулығын ойлауымыз қажеті, - деді Сәкен Жүнісбекұлы. 

Беларусь еліне балуандар бара ма? 

Біріккен күрес әлемі жақында арнайы жиын өткізіп, халықаралық жарыстардың қай кезде жалғасатынын нақтылап, ірі-ірі деген сайыстардың күндерін бекітті. Ұйымның хабарлауынша, халықаралық жарыстар 1 қыркүйектен кейін жалғасады. Жаңа түзілген күнтізбе бойынша алғашқы жарыс 16-18 қыркүйек аралығында Минск қаласында өтеді. Онда балуандар даңқты балуан Александр Медведьтің жүлдесіне арналған турнирде бақтарын сынайды. Дегенмен, қазірдің өзінде бұл турнирдің өту-өтпеуі жайында әңгіме көп. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жарысқа балуандар келе ме? Оның үстіне Беларусь мемлекеті басқалар сияқты ешқандай карантин де жарияламады. «Ауру жоқ» деген принциппен өмір сүрген елде ауырғандардың саны жетпіс мыңнан асты. Сондықтан турнирдің өту-өтпеуі қазіргі таңда басы ашық мәселе күйінде қалып отыр. Біріккен күрес әлемінің басшылары әу баста биылға жоспарланған әлем чемпионаттарын өткізуден бас тартып еді. Алайда, кейіннен белгілі болғандай, дүниежүзілік сайыстарды күнтізбеге қайта енгізді. 

Олардың алғашқысы қараша айының 23-29 күндері Финляндияның Тампере қаласында 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионаты. Бұдан кейін Сербияның Белград қаласында жасөспірімдер арасында және ересектер арасында әлем чемпионаты жалауын көтереді. Егер бәрі жақсы болса, бұл екі жарыс тиісінше 4-10 және 12-20 желтоқсанға белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, әлемдік күнтізбеде жастар және жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионаты мен көптеген халықаралық турнир бар. 

  Дзюдошылар тым-тырыс 

Халықаралық дзюдо қауымдастығы әзірге тым-тырыс. Айтуларынша, жыл соңына дейін бес бірдей жарыс өткізбекші. Бірақ, ол жарыстардың қай кезден басталатыны туралы нақты ақпарат жоқ. Осыдан бір ай бұрын жиын өткізген басшылық шамамен қыркүйек айында бастаймыз дегендей емеурін танытып еді. Алайда, қауымдастық ұсынған бес жарысты алып қарайтын болсақ, ол жақта жағдай тұрақталған жоқ. Мәселен, 18-20 қыркүйекте Загребте (Хорватия) Гран-при турнирі өтеді. Одан соң, 2-4 қазан аралығында Ташкентте тағы бір Гран-при жарысы жоспарланған. Ташкентте де індеттің жағдайы соңғы уақытта мәз емес. 11-13 қазанда балуандарды Бразилиа (Бразилия) қаласында Гранд Слам жарысы күтіп тұр. Басқасы басқа, дәл осы жарыс төңірегінде сұрақ көп. Өйткені, Бразилия коронавирустың таралуы жөнінен әлемде екінші орында тұр. Сондықтан бұл жаққа балуандардың баруы екіталай. Соңғы екі турнир Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында (22-24 қазан) және Жапонияның Токио (11- 13 желтоқсан) қаласында өтеді. Қазір Қазақстан құрамасының дзюдошылары үйде жатыр. Өткенде карантин шаралары алынған кезде бір рет оқу-жаттығу жиындарын өткізіп үлгерген. 

Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев «Qazsport» арнасына берген сұхбатында екі жоспар бар екенін айтты. Бірі, «егер халықаралық жарыстар қыркүйек айынан басталған жағдайда...», екіншісі «жаңа жылдан кейінгі дайындық шаралары». Демек, әлемдік дзюдо қауымдастығы індеттің таралуы тоқтамаса жыл соңына дейінгі жарыстарды тоқтатуы бек мүмкін. 

Олимпиада бағдарламасын жаңадан қосылған каратэ спорты олимпиадалық рейтингтің қайта ашылғанын хабарлады. Карантиннің алғашқы айларында асығыстық танытып, рейтингті жауып тастаған әлемдік қауымдастық кейіннен қайта ашты. Бірақ, биылға жоспарланған әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарын келесі жылға қалдырды. Ал, Премьер-лига, А сериясы турнирлеріне байланысты шешімді әлі айтқан жоқ. Жақында халықаралық ұйымның ресми сайтында 2-4 қазанда Мәскеуде өтуі тиіс болған Премьер-лига бәсекесінің белгісіз уақытқа шегерілгені туралы жазылды. Мәскеудегі жарыс пандемия басталғалы бері кейінге қалдырылған үшінші турнир. Бұған дейін Рабат (Марокко) және Мадрид (Испания) қалаларындағы жарыстарды белгісіз уақытқа шегерген еді. 

Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығы жарыстар күнтізбесін бекітіп қойды. Олар енді тамыздың орта тұсында карантиннен кейінгі алғашқы жарыстарын бастайды. Коммерциялық жарыс ретінде өтетін «Гауһар лигасының» күнтізбесіне де өзгеріс енгізіліп, бірқатар кезеңдері қысқартылды. Айтуларынша, тамыздан қазғанға дейін «Гауһар лигасының» алты кезеңі өтеді. Әзірге әлемдік спорт қауымдастықтарындағы жағдай осындай. Кейбір спорт түрлері әліптің артын бағып, індеттің саябырсығанын күтіп жатыр. Бәлкім ол да дұрыс шығар. «Бастысы - адам денсаулығы» деген принципті ұстансақ, жылдың соңына дейін жарыстарды өткізу бос әурешілік сияқты. 

Ең қиыны спортшылардың карантиндік шектеулерге байланысты толыққанды жарыстарға қатысып, жаттығу жасай алмауы. Бір жылдың ішінде олар толық бабына еніп, Токио бар білгендерін көрсете ала ма? Бұл да маңызды сұрақ.
Мысалы, гандболдан Ресей құрамасының мүшесі Анна Вяхирева айтуынша, спортшылар баптарын сақтау қиын. 

Үйге жүгіру жолағын орнаттым, гантел де әкеліп қойдым. Бірақ бәрібір де қиын. Гандболды үйде ойнай алмайсың. Олимпиада ойындарын кейінге шегергенін естігенде көңіл күйім түсіп кетті. Тіпті, депрессия басталады. Өйткені спортшы үшін Олимпиада ойындары деген өміріндегі ең маңызды жарыс. Сонда қатысу үшін де 4 жыл еңбек етесің. Бірақ оны ешқашан тастай алмайсың. Спорт - менің өмірім. Алайда физикалық және психологиялық күш-қуат шексіз емес. Бәріне бір қол сілтегің келетін кездер болады. Дегенмен, 1-2 аптадан кейін қайтадан дайындық бастап кетесің, - дейді Анна Вяхирева. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы