Токио-2020: Бас бапкер боксшылардың Олимпиадаға дайындығы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Zoom арқылы өткен шара барысында боксшыларға қатысты сауалдарға жауап берді.

Оның айтуынша, жарыс барысында қарсыластарды әлсіз немесе мықты деп бөлмей әрбіріне жеке тоқталу керек.

Біздің басты мақсатымыз - жеңіске ұмтылу. Ол бірінші жекпе-жектің нәтижесіне байланысты. Өткенді қозғап, боксшыларымыздың жалынды көңіл-күйін түсіріп керек емес, - деді ол.

Сонымен қатар ол «Қазақстанның салмағы» атанып кеткен 69 келіде бақ сынайтын Абылайхан Жүсіповтің дайындығы туралы пікір білдірді.

Қазір Абылайханның денсаулығы жақсы, физикалық дайындығы жаман емес. Бірінші жекпе-жегі өтсін. Әрі қарай көре жатармыз. Биылғы 69 келі - өте мықты салмақ. Өздеріңіз де көріп отырсыздар. Кубаның мықты боксшысы бар, Англияның боксшысы да осал емес, әлем чемпионы Замковой тағы бар. Риода күміс медаль алған боксшы Әзербайжан атынан өнер көрсетеді. Тағы біраз боксшылар бар. Солардың бәрі 69 келі салмақтың бәсекесін қыздырып тұр. Бірақ Абылайхан да олардан осал емес, - деді бас бапкер.

Жиында 75 келі салмақта Қазақстанның намысын қорғайтын Әбілхан Аманқұлдың жарақатына байланысты бокс кезінде сыр бермей ме? деген сұраққа жауап берді.

Әбілхан Аманқұлдың жарақаты болды. Бірақ қазір толық айықты десек болады. Санкт-Петербургтегі жарыста жарақат алуына байланысты біз оны әрі қарай қатыстырған жоқпыз. Осы Олипиадаға жақсы дайындалуы керек еді. Одан кейін Азия чемпионатында жақсы бой көрсетті. Қолы да сыр берген жоқ. Ол жарақаты қазір мазалап жүрген жоқ. Жекпе-жектерден кейін қалай болатынын көреміз. Негізі дайындығы жақсы деп айта аламын, - деді Ғалымбек Кенжебаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы