Токио-2020: Софья Берульцева жекпе-жек барысындағы басты қателігін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева топтық кезеңнен сәтті шығып, жартылай финалға жеткен болатын. Алайда финалға бір қадам жерде артынша чемпион атанған мысырлық Ферьял Абделазизге есе жіберген еді.

Елге оралған қазақстандық каратэші қыз сұқбат кезінде кеткен қателіктерімен бөлісті.

Қарсыласымнан екі соққы алғаннан кейін өзімді сәл жоғалтып алдым. Одан кейін жауап ретінде жанталасып қимылдап кеттім. Соның салдарынан жеңілдім деп ойлаймын. Бұрын-соңды кездескен болсам, оны жеңер едім. Мен үшін ыңғайсыз қарсылас болды, - деді ол.

Сонымен қатар спортшы Олимпиадаға барғандағы негізгі мақсаты алтын медаль алу болғанын айтты.

Әрине, алтын алғым келді. Бұл Олипиада болғандықтан, тек ең мықтылар жеңіске жетеді, - деді ол.

Софьяның айтуынша, жарыс кезінде қарсыластарына да, төрешілерге де ешқандай өкпесі жоқ. Бәрі әділ өтті.

Барлық спортшының атынан жанкүйерлерге зор алғыс білдіремін. Біздің бұл жүлделеріміз - барша қазақ халқының қолдауының арқасы. Төрт жылда бір рет өтетін әлемдік сайысқа қатысып, жүлделі орынды иеленуге тырыстым. Өкінішке қарай, көк Туымызды желбірете алмадым. Дегенмен болашақта әлемдік деңгейлердегі жарыста өз өнерімізді көрсетіп, барымызды саламыз деген ойдамын, - деді Софья Берульцева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы