Токио-2020: Сәкен Бибосынов бокс әлеміне қалай келді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сәкен Бибосынов 1997 жылы 3 шілдеде Өзбекстанның Бостандық ауданында дүниеге келген. Бала кезінен оны спортпен айналысу қатты қызықтырған. 

Бала Сәкен

Ол 13 жасқа келгенде жаттығуларын Қазақстанға келіп жалғастырған. Алдымен Қызылорда мектеп-интернатында білім алып, кейін Сайрам ауданындағы «Жекпе-жек спорт клубына» ауысады. Осы жерде ол білікті бапкері – Қадырбек Қуатбековтің көзіне түсіп, қоластында жаттыға бастайды.

Біздің ауданда жақсы спортшылар бар, бірақ бәсекелестік әлі де аз, сондықтан мен оны Шымкентке жаттығуға апардым. Кейінірек ол Ұлттық чемпионатқа қатысты, бірақ бұл оның бірінші ірі жарысы болғандықтан, жеңіліп қалды. Алайда келесі жылы ол Қазақстан чемпионатына қайта ілініп, бірінші орынды иеленді, - дейді Қадырбек Қуатбеков Qazaqstan телеарнасына берген сұқбатында.
Қадырбек Қуатбеков – Сәкеннің алғашқы бапкері. Боксшы ең алғаш 2011 жылы Сайрам ауданына жаттығуға келгенде осы бапкерінің үйінде тұрған.

Ал отбасы ол кезде Өзбекстанда қалған екен. 13 жасар баланың шеберлігіне тәнті болған бапкер оны өзінің қарамағына алған.

Сәкеннің басты жанкүйері – анасы 

Сәкеннің басты жанкүйерлерінің бірі – анасы Мухаббат Құдайбергенова. Анасы ұлының жекпе-жектерін көруге жүрегі шыдамайтынын айтады.

Мен ұлымның жекпе-жегін теледидардан көрмеймін, себебі көрсем, қатты уайымдай бастаймын. Оның жекпе-жегінің нәтижесі туралы басқа адамдардан сұрап білемін. Осы жолы Олимпиаданы да көрмеймін. Бірақ бұл менің Сәкенді қолдамайтынымды білдірмейді. Оның чемпион болып оралатынына сенемін, - дейді Сәкеннің анасы.
Сәкен Бибосыновтың кәсіби боксқа келгеніне 6 жылдан асқан. Ол 2015 жылдан бастап кәсіби спортта бағын сынап жүр. Қазіргі таңда боксшының жеке жаттықтырушысы еліміздегі беделді бапкерлердің бірі - Мырзағали Айтжанов.  


Сәкен Бибосыновтың кәсіби бокстағы жетістіктері қандай?

Сәкен 2015 жылы Қазақстан жастары арасында өткен ел чемпионатының жеңімпазы болған. 

2019 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында боксшымыз жартылай финалға дейін жетіп, үндістандық Амит Пангалуға есе жіберген. Осылайша әлем біріншілігінде қола жүлдеге ие болды.

Cонымен қатар түркістандық боксшы Сербияда өткен халықаралық Belgrade Winner турнирінің жеңімпазы атанды. 52 келіге дейінгі салмақта финалда қырғызстандық Азат Үсеналиевті жеңді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген азулы былғары қолғап шеберлері арасында өткен жекпе-жекте Қазақстанның намысын қорғаған Сәкен Бибосынов жеңістің шыңын бағындырып, турнирдің жеңімпазы атанды. Отандасымыз рингте барлық қарсыласын тізе бүктіріп, алтын медаль иеленген. 

2021 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында 52 келіде бақ сынаған ол жартылай финалда қарсыласына жол берді. Нәтижесінде Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 


Сонымен қатар Бибосынов «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» халықаралық турнирінің жеңімпазы.

Айта кетейік, жерлесіміз Токио-2020 Олимпиадасында жеңісті жолын жалғастыруда. 52 келіде сынға түскен ол ширек финалда испаниялық Габриэль Эскабармен кездесіп, тартысты жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Сәкен жартылай финалға жолдама алып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы