Сарапшылар Тоқаевқа «еуропалық деңгейден де жоғары саясаткер» деген баға берді

 

 

Астана, BAQ.KZ. 2011 -2013 жылдар аралығында БҰҰ-да жауапты қызметтерде болған Тоқаев көптеген шешімдерге ықпал етіп, маңызды халықаралық шаралардың өтуіне мұрындық болды деп жазады zakon.kz.

Сарапшылар сенаттың бұрынғы спикерінің жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтердегі жұмыстарын есепке ала отырып (сыртқы істер министрі, премьер-министр, он жыл — сенат төрағасы болды), Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД бойынша комитетінің төрағасы Леонид Слуцкийдің 2016 жылы айтқан көзқарасын қоштағандай болады.

Ресей депутаты ол кезде парламенттің жоғарғы палатасы төрағасы болған Тоқаевқа «еуропалық деңгейден де жоғары саясаткер» деген баға берген еді. Мұндай көзқарастың болуын түсіну үшін, еліміздің екінші президентінің өмірбаянын шолып шығу керек.

 

 

Көпқырлы дипломат

 

1999 жылы сыртқы істер министрі Тоқаевтың премьер-министр болып тағайындалуы көпті таң қалдырған, бірақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оны бұл рөлге біраздан бері дайындап жүргені айқын еді. Айталық, сыртқы істер министрі Тоқаев сонымен бірге — премьер-министрдің бірінші орынбасары болды, бұл оған ішкі саясаттың қыр-сырына қанығуға мүмкіндік берді.

 

Тоқаевтың СІМ, сенат, БҰҰ-мен байланысты әрі қарайғы мансап жолы — оның 2000-жылдардың басында-ақ ықтимал мемлекет басшысы ретінде қарастырылғаны туралы тұспалдауға мүмкіндік береді. Соңғы 19 жылда дипломат айтарлықтай білім мен тәжірибе жинап, халықаралық ынтымақтастықтан бастап, республиканың ішкі проблемаларын айқын түсінді, қазақстандық элитаның мүдделер тоғысында тепе-теңдік сақтай алды.

 

МГИМО бітіріп, бірнеше жыл КСРО-ның Сингапур мен Қытайдағы елшісі болған Тоқаевтың білімі мен жан-жақтылығы — оның үкіметтегі әріптестерінің де, түрлі елдер дипломаттарының да оң ықыласында болуына септігін тигізді. Бұл оған өз кезегінде Қазақстанның халықаралық мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, премьер-министр болып тағайындалған кезінде Тоқаев жанжалдарға былғанбаған және ірі бизнестің мүдделерін күйттемеген жалғыз дерлік саясаткер болды. Ал бұл өте-мөте қымбат қасиет.

 

Аңдасақ, сол жылдарда Тоқаев премьер-министр ретіндегі алғашқы отырысындағы сөзін коррупцияға төзім жоқ екенінен бастап, өзі үшін мемлекет мүдделерінен басқа мүдде болмайтынын айқын жеткізіпті.

 

2011 -2013 жылдар аралығында БҰҰ-да жауапты қызметтерде болған Тоқаев көптеген шешімдерге ықпал етіп, маңызды халықаралық шаралардың өтуіне мұрындық болды. Мысалы, өзінің айтуынша, сол кездің маңызды халықаралық оқиғаларының бірі — Сирия бойынша «Женева-1» халықаралық конференциясы болды. Сол жиында әлем елдері Женева коммюникесін қабылдап, Сириядағы дағдарысты реттеудің құқықтық негіздері қалыптасты.

 

Жалпы, Тоқаевтың — БҰҰ бас хатшысының орынбасары болған Азиядан шыққан алғашқы өкіл екенін атап өткен жөн. Ол сол ұйымның Женевадағы бөлімінің бас директоры болған еді. Тоқаев сонымен бірге — БҰҰ қарусыздану Конференциясының бас хатшысы болды, кейінірек ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.

 

Дегенмен, 2013 жылы Тоқаев Қазақстанға кері шақырылды, бұл БҰҰ-дағы әріптестерінің таң қалдырды. Елге оралып, ол өз мансап жолында екінші рет Сенат төрағасы болды. Мұның Президенттен кейінгі екінші мықты лауазым екенін еске сала кетейік. Сарапшылар Тоқаевтың мемлекет басшысы рөліне дайындығы сол кезде-ақ басталды деген тұспалды қолдап отыр.

 


 

 

Ескі концепция, дербес көзқарас

 

Тоқаев әрқашан Назарбаевтың адал жақтаушысы болғанына қарамастан, Женевадағы жұмыс оған дербес саяси тәжірибе берді. Қазақстанның екінші президенті - АҚШ, Қытай мен Ресейдің Қазақстан үшін қандай рөл ойнайтынын, олардың еліміздегі ішкі процестерге ықпалын әбден ұғынды (әсіресе — орыс, ағылшын, француз, қытай тілдерін білгенінің септігі тиді).

 

Көпшіліктің айтуынша, Тоқаев демократияның еуропалық мазмұндағы принциптерін қолдайды. 2018 жылдағы реформалардан кейінгі үкімет пен парламенттің ел басқарудағы рөлі артқанын ескере отырып, жаңа мемлекет басшысы сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөлуі керек болады. Ендеше Тоқаев сияқты — жиырма жылдық дипоматтық еңбек жолы бар тұлға алдағы Президент сайлауына «Нұр Отан» партиясы атынан тамаша кандидат болар еді.

 

Тоқаев өзінің бүкіл еңбек жолында елімізде де, БҰҰ мінберлерінде де ядролық қаруды жоюға үндеп келді. Ол ядролық қарудың тарау процесін тоқтату керектігін, және мұның өмірлік маңызы бар мәселе екенін мәлімдеді. Сонымен бірге - заңсыз миграция, есірткі трафигі, адам саудасы, климаттың өзгеруі мен судың ластануына қарсы күреске шақырған болатын.

 

Мысалы, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынаққа арналған соңғы ұңғыма дәл Тоқаев премьер-министр болған тұста жойылды. Бірнеше жылдан кейін, ЕҚЫҰ-ның 11 жылдан бергі алғашқы саммитінің 2010 жылы Астанада өтуіне ықпал етті. Тоқаев нақ осы шара кезінде «қауіпсіздік қауымдастығы» түсінігі енгенін атап өткен еді, бұл — жанжал мен бөле-жарған шекарадан азат аймақты білдіреді.

 

«Бұл жоғары деңгейлі кездесу он жылдан бергі мәжбүрлі үзілістен кейін жалғасын тауып, әдетте қиын келетін - қауіпсіздік жөніндегі ымыраға келу поцесіне айтарлықтай ықпал етті». «Хельсиники Қорытынды Актісі мен Астана Саммитінің мерейтойы қарсаңындағы ЕҚЫҰ жетістіктері мен мәселелері» халықаралық конференциясындағы баяндамасында Тоқаев Астана саммитіне осындай баға берді.

 

Елбасының жақын арада қызметінен кетуі мүмкін екені жөніндегі алып-қашпа әңгімелер соңғы бірнеше жыл бойы айтылып келді. Және осы аралықта оппозициялық БАҚ-тар келесі президент бар болғаны Назарбаевтың көлеңкесі болады деуден танбады. Алайда Тоқаев билігінің алғашқы апталары мұны жоққа шығарды.

 

Айталық, Ресей Ғылым Академиясының Орталық Азия мен Кавказды зерттеу Орталығының сарапшылар тобының жетекшісі Станислав Притчин Sputnik агенттігіне берген сұхбатында, жаңа президенттің команда қалыптастыруда дербес ұстанымы бар екенін атап көрсетті. Ол мысалы, бұрын қызметтес болған дипломаттарды көтермелеп жатыр; ал Назарбаев отставкаға жіберген бірнеше саясаткер қайтадан мемлекет істеріне қандай да бір деңгейде араласуға мүмкіндік алды.

 

Сонымен бірге, Тоқаев сайлауда жеңіске жеткен жағдайда да қазіргі үкіметпен жұмысын жалғастыратыны анық. Себебі үкіметтің қазіргі құрамы ұнамаса, бірден ауыстырып тастар еді. Дегенмен, бұл — екінші кезектегі мәселе сияқты. Себебі Тоқаев өзінің бүкіл мансап жолында халықаралық аренада да, ішкі саясатта да Назарбаевтың идеяларын өз көзқарасының тезінен өткізіп, жүзеге асыра білді. Және тап осы қасиеті оған жүйені қайта қарамай-ақ жетілдіруге мүмкіндік берері сөзсіз.

 

Түпнұсқа авторы: Алтай Аскаров

 

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы