Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері – мұнай-газ компанияларының басшыларымен бейнебайланыс арқылы кездесу өткізді. Отырыста еліміздегі мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мен одан әрі дамыту шаралары жан-жақты қаралды.

Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Eni S.p.A., Royal Dutch Shell, INPEX Corporation, Chevron, Exxon Mobil, CNPC, Total E&P сияқты ірі мұнай-газ компанияларының басшылары қатысып, сөз сөйледі. Eni S.p.A. компаниясының Орталық Азия аймағы бойынша басшысы Лучано Васкес кездесуді модератор ретінде жүргізіп отырды.

Президент отырыстың ашылуында мұнай-газ секторы еліміздің жалпыұлттық дамуында әрқашан маңызды рөл атқарғанын, технологиялық өзгерістерге қарамастан, бұл сала ел экономикасының қозғаушы күші болып қала беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мұнайға бай мемлекет ретінде бар әлеуетін мейілінше тиімді пайдалануға міндетті.

Мемлекет басшысы Кеңес пен Үкімет мүшелерінің алдына бірқатар міндеттер қойды.

Президент елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту бойынша жобаларды дер кезінде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның құрылыс жұмыстары 20 пайызға кешігіп жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке жоба операторымен бірлесе отырып, жұмыстарды аяқтау мерзімін кешіктірмеуді тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қашаған кен орнын игерудің келешегі туралы айтты. Президент мұнай өндіруді тәулігіне 1,1 миллион баррельге дейін ұлғайту бойынша жұмыстың үшінші кезеңін жүзеге асырудың нақты жоспарын жасау қажет екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы инвестиция салудың жаңа тетіктерін әзірлеуді, атап айтқанда, жетілдірілген модельдік келісімшарт туралы айтты. Бұл құжат инвестициялық преференцияларға кепілдік бере отырып, олардың құқықтық жағынан қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Үкіметке фискалдық басымдықтар пакетін анықтауды жеделдетуді және жылдың соңына дейін заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент Кеңес мүшелерін инвесторларға жер қойнауын геологиялық зерттеуден барлау және өндіру жұмыстарына көшуге кепілдік беретін Келісімнің әзірленіп жатқанынан хабардар етті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық инвестицияларға талас кезінде инвестициялық шешімдерді жедел қабылдаудың стратегиялық маңызы артады. Осыған байланысты ол мемлекеттік органдарға инвесторлардың өтініштері мен сұрақтарына қолайлы әрі жедел жауап беру қажет екен атап көрсетті.

Мемлекет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Ведомствоаралық фронт-офис құру туралы келісім жасалғанын мәлімдеді. Президент бұл фронт-офиске салалық министрліктер басшыларының орынбасарлары кіретінін және оны энергетика министрі басқаратынын айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы мұнай-газ кен орындарында газ өңдеу қуатын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

Бұл тұрғыда Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысының дер кезінде басталғаны маңызды оқиға болды. Үкімет «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, жаңа газ өндіру жобалары үшін жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алатын бағаның ынталандыру формуласын жасады. Сондықтан сіздерді тауарлық газ өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды іске асыруға атсалысуға шақырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы көмірсутегі шикізаттарын терең өңдеуді дамытуды маңызды міндет ретінде атады. Президент газ-химия жобаларына көгілдір отын қолдану өнеркәсіптің шикізаттық бағытын төмендетеді деп пайымдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлеске басымдық беру қажет екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы қазақстандық және шетелдік компаниялар арасындағы технологиялық кооперацияларды нығайту аясында Chevron, Total, Eni, ExxonMobil, Agip сияқты ірі кәсіпорындардың қолдауымен құрылған Мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту халықаралық орталығының қызметін атап өтті. Үкіметке халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, тиімді технологиялар трансферті жүйесін құру тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында қатысушылардың ұсыныстарына тоқталып, Үкіметке жылдың соңына дейін заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етуді, көтерілген барлық мәселе бойынша атқарылған жұмыстар туралы толық есеп беруді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы даулы мәселелерді шешу үшін шетелдік платформалармен қатар Астана халықаралық қаржы орталығының арбитражды сотын да пайдалануға болатынын айтты. Сондай-ақ бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра беруге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүдделі екенін жеткізді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы