Тоқаев: Орталық мемлекеттік архив - әлемдегі ең ірі архивтердің бірі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Орталық мемлекеттік архивінің 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, шетелдік қонақтар, республикалық және облыстық архивтер басшылары мен ардагерлері қатысты.
Мереке Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің ғимаратына орнатылған «1921-2021 жж. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл» атты мемориалды ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан басталды.
Сонымен қатар соңғы уақытта шетелдерден алынған кұнды архив кұжаттарының көшірмелерінен даярланған «Жауһар жәдігерлер» атты көрме мен архивтің 100 жылдық мерейтойына орай дайындалған және басып шығарылған құжаттардың ғылыми жинақтарының тұсаукесері өткізілді.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды.
Іс-шара барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мерейтойға қатысушыларды Орталық мемлекеттік архивтің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, ғасыр бұрын құрылған архивтің мерейтойы - тарихи санасы қалыптасқан мемлекет үшін маңызды оқиға екенін айтты.100 жылдық тарихында Орталық мемлекеттік архив әлемдегі ең ірі архивтердің біріне айналды, ол ең бай және қайталанбас тарихи құжаттарды біріктіре алды, өзіндік даму жолы мен ішкі дәстүрін қалыптастырды. Осы орайда архив қызметкерлерінің баға жетпес үлесі мен еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Бұл бағытта министрлік бірқатар жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай алғаш рет 100-ден астам архив қызметкерлері «Архив саласының үздігі» ведомстволық наградасына ие болды. Сондай - ақ, 22 желтоқсанда алғаш рет кәсіби мереке «Архивші күнін» атап өтеміз,-деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Бұдан соң Ақтоты Райымқұлова бірқатар архив саласының қызметкерлерін «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивіне – 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.Кез келген мемлекет үшін архив қызметінің стратегиялық маңызы бар. Ақпараттық технологияларды дамыту нәтижесінде бүгінгі таңда архив көздері ұлттық ресурстардың бірі және ұлттық бірегейлікті тәрбиелеудің маңызды көзі екені анық. Сондай-ақ, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтудің негізгі тұжырымдамасы жыл басында жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жан-жақты атап көрсетілді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев архив саласы туралы «Архив - қағаз қоймасы емес, нәр беруші кәусар бұлақ», деп атап өткен болатын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған бұл айтулы мереке – барша халқымыздың мерекесі, - деді Мәдениет және спорт министрі.
Сонымен қатар алқалы жиында «Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивіне - 100 жыл» атты деректі фильмі, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына және Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған фильмдер көрсетілді.