Тоқаев Марат Ахметжановты қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Президентке агенттіктің биылғы 11 айдағы жұмысының нәтижелері туралы баяндады.
Марат Ахметжановтың айтуынша, биылғы 11 айдың ішінде 1576 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген. 1280 азамат, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 159 басшы жемқорлық қылмыс бойынша жауапқа тартылған. Талан-таражға түскен 20 миллиард теңгеден астам қаржы бюджетке қайтарылды.
Марат Ахметжанов Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығын субсидиялауға жасалған кешенді сараптамалардың, көлік саласындағы жағдайлардың және қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қорытындылары туралы мәлімет берді.
Сондай-ақ Президентке 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырмасының орындалу барысы жөнінде есеп берілді.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін қолдады және Агенттіктің жұмысына оң баға берді.