Тоқаев: Коронакризис басталғанда жалған ақпаратпен күресудің шұғыл қажеттілігі туындады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XVII Еуразиялық медиа форумның қатысушыларына жолдаған үндеуінде айтты.
Президенттің үндеуін форум алаңында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев оқып берді.
Сіздерді XVII Еуразиялық медиа форумда көргеніме қуаныштымын. Осы уақыт ішінде ол біздің еліміздің және бүкіл аймақтың жетекші медиа алаңдарының біріне айналды. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде талантты журналистер мен медиа-менеджерлерді, танымал саясаткерлер мен беделді сарапшыларды басын қосады. Ал форумда талқыланатын мәселелер ауқымы тек қана медиаға байланысты емес, ол бұл сфераның шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен, - деді Президенттің құттықтау сөзін оқығын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты жаһандық трансформация, іргелі өзгерістер, әлеуметтік процестер кезеңінде ең өткір мәселелерді ашық талқылау және оларды шешу жолдарын бірге табу бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті.
Коронакризистің басталуымен бүкіл әлемде сапалы ақпаратқа сұраныс күшейе түсті, жалған ақпаратпен күресудің шұғыл қажеттілігі туындады. Форум осы бағыттағы өзекті үрдістер мен тәсілдерді талқылауға мүмкіндік береді. Жаңа шындықтар медиа алдына жаңа міндеттер, талаптар қояды. Қазіргі кезде цифрландыру процесі айтарлықтай жеделдеді. Аудиторияның сұранысы мен әдеттері тез өзгеруде, ақпарат берудің жаңа форматтары пайда болуда, әлеуметтік желілер өзгеріп жатыр. Бұл мәселені кәсіби тұрғыдан талқылау БАҚ-тың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін, - делінген Президент үндеуінде.
Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сессия да мазмұнды болатынына сенімін білдірді.
Айтуынша, дәйекті жаңғырудың қазақстандық жолы мен халық бірлігін сақтаудың бірегей тәжірибесі ерекше назар аударуға лайық. Ашық диалог пен жан-жақты серіктестік - біздің мемлекетіміздің стратегиялық бағытының маңызды құрамдас бөлігі.
Форум заманауи медиа-трендтерді ұғынуға ғана емес, сондай-ақ халықаралық форматтағы ынтымақтастықты кеңейтуге де ықпал етеді деп айтуға негіз бар. Қазақстан әрдайым сындарлы күн тәртібін алға тартуға дайын және барлық салада, соның ішінде медиа және креативті индустрия саласында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын, - деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз құттықтауында XVII Еуразиялық медиа форумның қатысушыларына табыс тіледі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
ТЖМ қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады
Өзгелердің жаңалығы