Тоқаев: Қазақтар мен корейлер бауырлас халықтарға айналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин Корея бизнесінің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Жиынға қазақстандық ірі кәсіпорындардың басшылары да қатысты.

Қазақстан Президенті сөз басында Мун Чжэ Инге Корея Республикасына мемлекеттік сапарды және осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы Сеуге сапарының бағдарламасы аса тығыз екенін атап өтті.

ХХ және ХХІ ғасырдағы тарихқа көз жүгіртсек, қазақтар мен корейлердің жүріп өткен жолы күрделі, үлкен сынақтардан сынбай өткенін байқауға болады. Дәлірек айтқанда Азаматтық соғысына да, Ұлы Отан соғысына да қатысты. Бабаларымыз көптеген сын тезінен өтті. Соған қарамастан, біздің халықтарымыз бір-біріне иық тірестіре отырып, қиыншылықтарды жеңе білді. Қазақтар мен корейлер бауырлас халықтарға айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея біздің елдің ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті кореялық бизнес өкілдерінің азық-түлік, тау-кен байыту, автомобиль және экономиканың басқа да секторында табысты еңбек етіп жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақ-корей ынтымақтастығының зор әлеуеті әлі де толық ашылмаған.

Мемлекет басшысы Қазақстан өзінің 19 миллиондық нарығынан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа кіру үшін тиімді алаңның қызметін атқара алады деп есептейді.

Қазақстан 75 миллион тұрғыны бар Орталық Азияның экономикалық тұрғыдан ең дамыған елі болып есептеледі. Заманауи құқықтық, салықтық және қаржылық жүйе мен Орталық Азиядағы міндетті төлемдерсіз сауда жүйесі, Қазақстанды осы аймақта жұмыс істеуге ең қолайлы алаңға айналдырып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент біздің елдегі инвестициялық ахуал туралы айта келе, корей тарапын жаңа ережелермен, яғни, жеке қолдау шаралары, заңнамалық тұрақтылық және стратегиялық инвесторларға ерекше жағдай жасауды қамтитын «Стратегиялық инвестициялық келісіммен» таныстырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл тетік «Самал жел» экономикалық ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асыруға да негіз болмақ.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын пайдалану, инновациялар мен жаңа технологиялар, атом, баламалы және жаңартылатын қуат көздері, мұнай-газ, машина жасау салаларында тиімді жобалар жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы бұлардың өзі ынтымақтастық орнатуға болатын барлық бағыт емес екенін айтты. Ол металлургия, автомобиль және азық-түлік өндірісі, денсаулық сақтау және білім салаларында Оңтүстік Кореяның үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Президент осы аса қиын жолда жинақтаған тәжірибе, білім мен технологиялар Қазақстанда да үлкен сұраныста екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде экономиканы цифрландыру және жаңа технологияларға көшіру кезеңінде.

Біз инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. Ол үшін қаржылық та, материалдық та мүмкіндіктер мен дамыған инфрақұрылым бар. Ең бастысы – басшылықтың саяси ниеті түзу, мемлекеттеріміздің арасында тату байланыс орнаған. Сондықтан мен біздің ынтымақтастығымыздың болашағына зор үміт артамын. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуына және жалпы елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған барлық іс-қимылдарға мониторинг жүргізіп, жіті бақылап отыратынымды тағы қайталап айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президенті Мун Чжэ Ин өз сөзінде Қазақстанмен бірлескен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына Оңтүстік Корея Үкімет тарапынан толық қолдау болатынын айтты.

Іс-шара барысында кореялық «Hyunday Motor Company», «Samsung Electronics», «Doosan Heavy Industries & Construction», «Lotte Confectionery», «POSCO International», «Celltrion, Dongil Construction», «KOTRA» компанияларының жетекшілері сөз сөйледі.

Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы, «Kaspi.kz» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, «Mineral Product» ЖШС құрылтайшысы баяндамалар жасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы